Қазақстанда белсенді көрсетілетін қызметтер санын 17-ге жеткізу жоспарлануда

10 Қазан 2019, 11:39
2410
Бөлісу:
Қазақстанда белсенді көрсетілетін қызметтер санын 17-ге жеткізу жоспарлануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында белсенді түрде көрсетілетін қызметтер санын көбейту жоспарлануда.

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл дегеніміз - мемлекет азаматқа түрлі өмірлік жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсетуді өзі ұсынатын болады. Олардың ішінде: мектепке қабылдау, әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына төлемдер тағайындау, жылжымайтын мүлікті тіркеу және т. б.

Мұндай шешім Асқар Жұмағалиевтің басшылығымен өткен мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қабылданды. "Белсенді қызметтер" санын көбейту үшін қазір заңнамаға және Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына өзгерістер енгізілуде.

"17 түрлі "белсенді қызметтерге" мемлекеттік қызметтің 27 түрі топтастырылады деп жоспарлануда. Бұл үдеріске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Білім және ғылым, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрліктері тартылған. Себебі, осы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қызмет көрсетуге қажетті деректер сақталуда", - делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кету керек, Қазақстан – қызметтерді белсенді түрде көрсетуді жүзеге асырған ТМД-дағы алғашқы және әзірше жалғыз ел. Қазіргі уақытта
3 қызмет түрі пилоттық тәртіпте көрсетіледі. Олар: "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, мемлекеттік кепілдік төлеу және бала тууды тіркеу.

Мысалы, егер жас ана мобильдік азаматтар базасында тіркелген болса, сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін оған SMS-хабарлама келеді. SMS-хабарламаға жауап бере отырып, ол сәбидің туу туралы куәлігін алумен қатар, бала тууға орай тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақының 2 түрін ресімдеп, баланы балабақша кезегіне қойып, тұрғылықты мекенжайына тіркей алады. Осы белсенді түрде көрсетілетін қызметті іске асыру үшін мемлекеттік органдар төрт ақпараттық жүйені, атап айтқанда "АХАЖ", "ЗТМО", электрондық үкіметтің аймақтық шлюзін және халықты құжаттандыру және тіркеу пунктін интеграциялады. Бүгінгі күні 72 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік белсенді қызмет түрі арқылы ресімделді.

Өзгелердің жаңалығы