Қытайды зерттеу орталығында Назарбаев ұсынған «Үш Д» бастамасы талқыланды

30 Мамыр 2019, 15:15
2431
Бөлісу:
Қытайды зерттеу орталығында Назарбаев ұсынған «Үш Д» бастамасы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы Қытайды зерттеу орталығында мемлекеттік органдардың, талдау орталықтарының, университеттер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі Екінші форумның маңыздылығы мен қорытындыларын талқылаған сарапшылар кездесуі өтті.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылғы сәуірде Бейжің қаласында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі Екінші форум өткен болатын. Форумда іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның заманауи Жібек жолын құру мәселесі жөніндегі көзқарасын жеткізіп, бірқатар стратегиялық бастама мен жаңа ұсыныстарды алға тартты.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы сарапшылық іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Тимур Шаймергенов Бейжіңде өткен форумның маңызды қорытындыларының қатарында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы ұсынған «Үш Д» бастамасын ерекше атап өтті», - деп хабарлады министрлікте. 

Спикердің айтуынша, Елбасы көтерген бастаманың қазіргі халықаралық ахуалдағы өзектілігі жоғары, себебі ол жаңа геосаяси шынайылықты құруға бағытталған және «Үш диалогты» жақсарту қажеттілігін білдіреді. Біріншіден, жаһандық деңгейде АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ арасында конструктивті диалогты бастау қажет.

Екінші диалог Еуразия деңгейінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуеттерін біріктіру үшін қажет. Үшінші диалог – бұл Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы арасындағы жүйелі экономикалық диалог.

«Бұл бастаманың сындарлы қисыны бар – егер аталған барлық елдер мен халықаралық ұйымдар бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген ұмтылыстарын көрсетсе, онда олар барша планетаға ортақ тапсырмаларды шешу үшін өздерінің мүмкіндіктері мен ресурстарын біріктірулері қажет. Мұндай тәсіл жаңажаһандық диалог және серіктестік архитектурасын жасаудың бұрыннан пайда болған қажеттілігін көрсетеді», - делінген хабарламада.

Өз баяндамасында Тимур Шаймергенов сондай-ақ, Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» Екінші форумының қорытынды коммюникесіне Елбасының жаһандық диалогты дамытудың қосымша ақпараттық-коммуникациялық құралы ретінде сәтті дамып келе жатқан G-GLOBAL идеясының енгеніне назар аударды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың G-GLOBAL жобасы және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының идеялық негізі ретінде адамзат тағдырының біртұтас қауымдастығын құру концепциясы бірімен біріүндес. Екі идея да әлем барлық проблемаларды бірлесе шешуге, сын-тегеуріндерге бірлесе жауап беруге, гүлденуге бірлесе ұмтылу қажет екендігін білдіреді. Нұрсұлтан Назарбаев «Үш Д» жаһандық диалог форматын ұсына отыра, барша адамзатқа өзекті бұл идеяларды нақты жоспарда, тетіктерде және іске асыру алгоритмдерінде тиімді түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы