Тұрмыстық заттарды ұрлаумен айналысқан күдікті қолға түсті

11 Шілде 2019, 16:37
1687
Бөлісу:
Тұрмыстық заттарды ұрлаумен айналысқан күдікті қолға түсті

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері баукеспе ұрының жолын кесті. Бұл туралы Алматы облысы ПД ресми өкілі Серік Үпиев хабарлады.

«Іле ауданының тәртіп сақшылары маусым айының соңынан бастап аудан тұрғындарының мүлкін ұрлауды кәсіп қылған күдіктіні ұстады. Ол бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған Алматы қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті азамат үйлердің құлыптарын бұзу немесе платикалық терезелерді сығу арқылы ашып, сатуға болатын дүниелерді үптеп кетіп отырған», - деді Серік Үпиев.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, күдікті тұрғындардың үйінен электр құралдарды, ноутбук, түрлі-түсті металдарды және сатуға тұрарлық дүниелерді ұрлап кеткен. Қолды болған дүниелер сатып алушылардан табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, күдікті келтірген материалдық шығындар есептелуде.

Аудандық полицейлер баукеспе ұрыны кезекті қылмысы үстінде қолға түсірді. Жергілікті тұрғындардың хабарлауымен оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары ұрының қашып кетуіне жол бермеді.

«Ұсталған азаматтың Іле ауданының аумағында маусымның соңы мен шілде айының басында орын алған 9 ұрлық дерегін жасағаны дәлелденді. Қазіргі уақытта аталған деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталуда. Күдікті аудандық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды»,- деп толықтырды облыстық тәртіп сақшылары.

Өзгелердің жаңалығы