Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сараптау жұмыстары жыл соңында анықталады

30 Қыркүйек 2020, 15:44
4029
Бөлісу:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сараптау жұмыстары жыл соңында анықталады
PHOTO
Фото: автордан

 

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы өңірде көркейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Әсіресе, киелі қаланың аты аталған кезде ең бірінші Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түсетіні сөзсіз. Қазақ жерінде сонау XIV ғасырдан бері аман сақталып келе жатқан көне ғимараттың бүгінгі жай-күйі қалай? Ғалымдарымыз тарихи кешенді қалай күтіп-баптауға болатыны туралы не дейді?

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сараптау жұмыстары жыл соңында анықталады


 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, өткен жылы ЮНЕСКО Халықаралық ұйымының мамандары да кесененің құрылыс жағдайына талдау жүргізген екен. Ал биыл кешенді сараптау жұмыстарына мыңнан астам тарих және мәдениет, ежелгі қолданбалы өнер ескерткіштерін қалпына келтірген белгілі реставратор Қырым Алтынбеков, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі, ғалымдар кеңесінің төрағасы Сырымғали Ержанов, тағы басқа ғалым-мамандар қатысқан.

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 29 жыл толмақ. Өздеріңіз білесіздер, қазақ жерінде қаншама дүрбелеңге толы тарихи оқиғалар болып өтті. Сонау қазақ хандығы құрылғаннан кейін тарих алаңына кеңес одағы келді. Осындай тарихи түрлі бұралаң жолдардан өткен көне жәдігер де бүгінгі ғажап күнге ұрпақпен бірге аман-есен жетіп отыр. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек тарихи сәттерден ғана емес, күнделікті табиғаттың да дауылы мен жаңбырына, желі мен суығына төтеп беріп келе жатқан ең ескі жәдігерлердің бірі. Оның сапасы мықты болғандықтан да қазірге дейін жетіп отырғаны жасырын емес. Ал осы ғимараттың болашағы қалай? Оны келер ұрпаққа аман жеткізу жөнінде жауапты мамандар не дейді?


 

Бұл ретте «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бей-жай қалмастан кесененің жағдайын зерттеп білу үшін әртүрлі ғалымдарды, мекемелерді тартады. Арасында шетелдік мамандар да бар. Биыл «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы мен «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының ғалымдары мен мамандарын тарттық. Олар жақында келіп, кесененің жағдайымен танысып кетті. Қанша дегенмен, 700 жыл тұрған ғимарат болғандықтан, біздің кесенеміз жыл сайын күтуді қажет етеді. Мамандар құрылыстың іргетасынан бастап материалдары мен кірпіші, күмбездері қалай тұр, қабырғаларында қандай ақау бар, соның бәрін тексеріп отырады, - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов. 

Айта кетейік, Әзірет Сұлтан ғимаратының күмбезі Орта Азиядағы көлемі жағынан конструкциясы өте қиын туындылардың бірі болып саналады екен. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өздерінің құрылғыларын алып келіп, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін зерттеу жұмыстары негізінде қорытындысы шығарылмақ.

Ғылыми мамандардан құралған сарапшылар тобы алдағы уақытта кесененің жағдайы қалай, келесі қадам қалай болмақ, қандай жерге көңіл бөліну керектігі туралы қорытынды есебін айтады. Қысқасы, кесененің күдік тудырып отырған жерлерін жөндейміз. Мұндағы мақсат – Ясауи кесенесімен қатар басқа да объектілерді аман сақтап қалу, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Адам да ауырса денсаулығына алаңдап дәрігерге қаралады ғой. Сол сияқты біз де ғалымдарды шақырып, музейдің материалдарын тексертіп, соның нәтижесінде тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, - деді музей директоры. 

 

Өзгелердің жаңалығы