Рейд. Карантин талаптарын елемей жұмыс істеп тұрған нысандар бар

11 Маусым 2020, 19:26
1495
Бөлісу:
Рейд. Карантин талаптарын елемей жұмыс істеп тұрған нысандар бар
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Карантин талаптарын өрескел бұзғаны үшін Қостанай өңірінде 12 нысан жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Қостанай облысы бойынша тауарлар сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Коронавирус індетінің таралуына байланысты Қостанай облысында 17 сәуірден бастап карантин режимі енгізілген болатын. Карантин талаптарын кезең-кезеңмен жеңілдету өңірде 18 мамырдан басталды. Бірқатар нысанға жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, адамдар көп жиналатын орындарға әлі де шектеу қойылып отыр. Алайда, соған қарамастан, жұмысын жүргізіп отырғандар бар болып шықты.

Қостанай қаласы әкімдігі жанынан құрылған мониторинг тобы рейдтерге шығып тұрады. Оған жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ, прокуратураның мамандары қатысып тұрады. Рейдке аптасына 2-3 мәрте шығамыз. Өткен жетіде түсіндіру жұмыстарына көңіл бөліп, қаладағы үш жүздей объектіге қауіпсіздік сақтау ережелерін тараттық. Карантин талаптарын бұзғаны үшін 9 іс сот органдарына берілді. Сонымен бірге, жергілікті полиция қызметі толтырған қырық шақты рапорт бар. Ал заңға бағынбай, карантин талаптарын өрескел бұзған жеті нысанның жұмысын тоқтаттық. Оның екеуі – қорқор тартатын орын, екі дәмхана, екі азық-түлік дүкені және бір анимациялық студия бар, - деді Қостанай қаласының бас санитарлық дәрігері Алмат Байкенов.

Мониторинг тобы жоспарлы тексерістерден бөлек, тұрғындардың хабарлауы бойынша да нысандарды аралауға шығып тұрады. 

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.17 (1).jpeg

Бүгінгі рейдте қала орталығындағы бірқатар ойын-сауық орнына бас сұғып, кәсіп иелеріне карантин талаптарын сақтау туралы ескертті.

Мобильді топ алдымен ойынханаларды аралады. 

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.17.jpeg

Қостанай облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, әзірге олардың жұмыс жүргізуіне шектеу қойылған. 

Бірақ, рейд барысында қала орталығында карантин талабын орындамай отырғандар кездесті. 

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.16 (1).jpeg

Дулатов көшесі бойындағы "Лотоклуб" әкімшісі "біз ешқандай ойынхана емеспіз, мұнда тек жұрт лоторея сатып алуға келеді" деп ақталған.

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.18.jpeg


Компьютерлер қосылып тұр. Келген адамдарды да көрдік. Қалай дегенде, сіздер жұмысқа кірісер алдында бізге, тиесілі органға ескертуге міндеттісіздер. Біз сіздердің қызметтеріңіз қаншалықты қауіпсіз, соны бағамдауымыз керек еді, - деді Қостанай қаласы тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әсел Баймұхамедова.

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.14.jpeg

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.14 (1).jpeg

Топ мүшелері орталықтағы "Force" деп аталатын ойын клубының да ашықтан-ашық жұмыс істеп отырғанына куә болды. 

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.19.jpeg

Телефон арқылы байланысқа шыққан клуб иесі "шектеуден хабардар болмадық" деген уәж айтты.

Біз сіздерге түсіндіру үшін жүрміз. Бірақ, кәсіп иесі болғандықтан, карантин талаптарын біліп, сақтап отыруға ең бірінші сіз мүдделі болуға тиіссіз. Сондықтан, ертең сізді жұмыста түсініктемеңізбен күтеміз, - деді Әсел Баймұхамедова.

Қорқор тартатын орынға да барды рейд жүргізушілер. Алайда, олар жай ғана дәмхана ретінде шектеулі режимде жұмыс істеп отырғанын айтты.

Әрине, жағдайды түсінеміз. Келушілер қорқор сұрап жатады, біз оларға оған шектеу қойылғанын ескертеміз. Кафеде отыз адамға дейін ғана отыру керек деген талапты да білеміз, - дейді өзін Карина деп таныстырған нысанның әкімшісі.

WhatsApp Image 2020-06-11 at 18.31.15.jpeg

Мобильді топ бас сұғуды жоспарлаған алты нысанның үшеуі ғана кіре алды. Қалған орындар жабық тұрды. Топ жетекшісінің айтуынша, рейд жұмыстары әлі де жалғасады. Талапты ескермегендерге қатаң жаза қолданылады.

Бүгінге дейін облыста 2995 мәрте тексеру жүргізілген. Барлығы 12 нысанның жұмысы тоқтатылып, 55 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал соттың қарауында 54 іс жатыр.

Өзгелердің жаңалығы