Қостанайда 36 соғыс ардагері қалды
PHOTO
9 Мамыр, 18:55 624

Қостанайда 36 соғыс ардагері қалды

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміз Жеңістің 77 жылдығын атап өтуде. Екі жылдық шектеу шараларынан кейін «қаладағы «Жеңіс» саябағына жиналған  қостанайлықтардың қарасы мол болды.  

Шаһар тұрғындары  Жеңіс көшесі мен С.Баймағанбетов көшелерінің бойымен сымдай тізіліп сапқа тұрып он автокөліктен тұратын ардагерлер мінген кортежді қарсы алды. 

Соғыс ардагерлері майдан даласында қаза тапқан қаруластарының құрметіне салынған  мемориалға тікелей жеткізілді. Салтанатты  кортежді шеруден соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған негізгі халықтың легі саябақтың орталық кіреберісінен өтіп, барлығы мәңгілік алаудың жанына жиналды.

Бұрынғы дәстүрмен Жеңіс саябағында өткен Ұлы Отан соғысы боздақтарын еске алу салтанатына жиналған халықта есеп жоқ.

Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға арналған мәңгілік алау мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне сап түзеген облыс басшылары, ірі кәсіпорын жетекшілері мен ұжымдары, ардагерлер, әскерилер мен оқушылар мерекенің маңызын арттыра түскендей. 

Алдымен алаңға иін тіресе жиылған көпшілік қан майданда Отан үшін қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, майдан даласынан оралмағандарға бағышталып бірнеше дүркін оқ атылды. Бұдан кейін мәңгілік алауға алғашқы болып облыс және қала басшылары мен соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағалары гүлдесте қойды.

 «Солтүстік» өңірлік бас командованиясы, отты дала төсінде бірге соғысқан достары мен майдангерлерді еске алған Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ауған соғысына қатысушылар, облыстық, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармасы, облыс әкімі және облыстық мәслихат аппараттары, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қостанай облысындағы басқарма, облыстық мәслихат депутаттары колонналары жалғады. 

Жалпы бүгінгі шеруде мемлекеттік және бюджеттік, білім беру мекемелері мен кәсіпорындар тағы да басқа коллоннаның гүлдестелері қойылды.

Мәңгілік алаудың жанындағы жиында   бірінші болып  сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұртшылықты мерекемен құттықтады. 

Сонымен қатар Қостанай өңірінің Жеңіске қосқан үлесі мен осында туып өскен майдангерлердің ерліктерін атап өтті.

Міне, тағы бір ұмытылмайтын ұлы күн, бейбіт өмірдің 77-ші көктемі табалдырықтан аттады. Бұл жерде кешегі қан майданда қаза болғандарға тағзым етуді мұрат тұтқандар жиналып отыр. Белгілі тарихи деректерге сүйенсек, сол сұрапыл майданға облыстан 73500 жерлесіміз аттанып, 24 мыңнан астам жауынгер Отан үшін опат болып, 16 мыңға жуығы ізтүзсіз кетсе, 29900-і майдан даласынан аман-есен оралған. Өкінішке қарай, әлемге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары күн санап сиреп барады. Қазіргі таңда облыс аумағында осы қанды майданның тірі куәгерлері 36 ардагер ғана қалды. Осы орайда жергілікті атқарушы және өкілетті орындар басшылары арамызда қалған майдангерлерді естен шығармай, мереке қарсаңында үйлеріне барып құттықтап,  сый-сияпат жасап, құрмет көрсеткен болатын , - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

9 мамыр күні Жеңістің 77 жылдығына қала халқы мен қонақтары, қалың жұртшылық Жеңіс паркінде жиналып, көзден қуаныш жасын мөлтілдеткен, көңілдерге асқақ сезім ұялатқан мерекені лайықты қарсы алып, жоғары деңгейде атап өтті. 

Сөйтіп, Ұлы мерекені тойлауға жиналған жұртшылықтың легі күн сәскеден ауғанша сейілмеді. Мәңгілік алау басы алқызыл гүлге толып, Жеңіс саябағын нұрландырып жіберді. Ұлы Жеңістің 77 жылдығын қостанайлықтар осылайша жоғары көңіл күймен атап өтті.

Біз гүл қою рәсімі аяқталған соң, мерекеге жиналған ардагерлер мен қала тұрғындарының ой-пікірін, көңіл-күйін білген болатынбыз.

Михаил Подоляков майдангер:

9 мамыр мерекесінің, Ұлы жеңіс тойының бүгінгідей өте жоғары деңгейде өтіп жатқанына қатты қуанып отырмын. Жасым 96-ға келсе де, қарттығыма қарамай елімнің қуанышымен бөлісейін деп Жеңіс паркіне келіп, бүгінгі тамаша шараны тамашалап отырмын. Бізді құрметтеп, сыйлап, алақанына салып жатқан облыс тұрғындарына алғысым шексіз. Біздің көрген қиындығымыз бен қасеретімізді жастарға бермесін. Аман болыңдар, айналайын.

Медет Есембаев   полковник  6697 әскери бөлімнің командирі

Бүгін Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесін бейбіт заманда тойлап жатырмыз. Бізді осындай  бейбіт өмірге жеткізген ата-әжелерімізге алғыс айтып, мәгілік тағзым етеміз. Ұрпақтары алдындағы олардың ерлігі мен қайсарлықтарын ерлікпен пар-пар. Бүгін күліп-ойнап, осы жерде мерекені тойлап отырғанымыз кешегі майдангерлердің арқасы. Кешгі соғыс және тыл ардагерлеріне  денсаулық тілеймін, ұрпақтарының қызығына, халқының құрметіне бөленіп, аман-есен ортамызда жүре берсін.

Мұсафин Муратбек, студент.

Мен 9-мамыр жеңіс мерекесіне жыл сайын қатысып келемін. Бұл — ерекше мейрам. Ұлы Жеңіс — біздің ата-бабаларымыз бен аға-апаларымыздың ұрпақтарына алып берген ұлы сыйы. Сол үшін де біз мақтана аламыз. Қостанайдан қаншама батырлар шыққан. Олардың есімі жадымызда ешқашан ұмытылмайды. Жас ұрпақ оларға мәңгілік қарыздармыз. Бүгінгі мереке де осындай құрметтің бір белгісі.

Биыл да жеңіс мерекесіне ерекше назар аударылып, ардагерлерімізге құрмет пен сый көрсетіліп жатыр. Ұрпағы үшін кеудесін оқ пен отқа тосқан бабаларға қандай құрмет те лайық. Аман-есен ортамызда жүре берсін. Жеңіс мерекесі құтты болсын.


Фото: автордан
Загрузка...