Қостанай театры Моңғолияға барады

11 Маусым 2019, 16:54
3213
Бөлісу:
Қостанай театры Моңғолияға барады
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры шілде айында гострольдік сапармен Моңғолияға барады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов айтты.

Аталған өнер ұжымы өткен аптада Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкентке сапарлап келді. Онда «Хан кене», «Мұңмен алысқан адам», «Әнім сен едің» (Шәмші туралы тамшылар) қойылымдары сахналанды.

«Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры көп жылдан бері шетелге гастрольдік сапарға шықпаған еді. Бұл жұмыс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Облыс әкімі қолдап, осы сапарға бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Біз осы сәтті сапарды Қостанай облысы мәдениетіндегі елеулі оқиға деп бағалап отырмыз», - деді Ерлан Қалмақов.

Қостанай театры Моңғолияға барады

Театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров өзбек ағайындардың қонақжайлығы жайында әңгімелесе, Шәмші рөлін сомдаған Әлімхан Мырзахан жергілікті халықтың мәдениетке, өнерге көзқарасы туралы баяндады.

«Маған қатты әсер еткені – «Әнім сен едің» қойылымы кезіндегі өзім куә болған бір жайт. Шәмшінің «Арыс жағасында» әні орындалғанда көрермендер қосыла шырқап жөнелді. Тіпті, актерлерден асырып орындады. Сөйтіп, халықтың Шәмші әнін сағынғанын көріп, ерекше сезімге бөлендім», - дейді Әлімхан Мырзахан.

Шығармашылық ұжым шілде айында Моңғолия еліне сапар шекпек. Мәдениет басқармасы басшысы сол жақтағы қандастарымыз көптен бері ұсыныс білдіріп жүргенін айтты.

«Театр труппасы маусым жабылған соң, Баян-Өлгей аймағына аттанады. Ол жақта да «Мұңмен алысқан адам» драмасы қойылады. Атамекенді аңсаған шетелдегі қандастарымызға арналған шығарма», - деді Ерлан Қалмақов.

Сонымен бірге, тұңғыш рет Қостанай театрының бір премьерасы өзге елде қойылғалы отыр. Ол – Әскерхан Ақтайдың «Ботақара-Шешенбике» пьесасы. Қоюшы режиссер – Әлия Баймахан.

«Шығарманың тұсауы Баян-Өлгей жерінде кесіледі. Ботақара – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған батыр. Қарағанды облысында Ботақара мен Шешенбике шоқылары бар. Өзім осы өңірдің тумасы болғандықтан, бұл пьесаның жауапкершілігі мен үшін екі есе жоғары», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан.

Өнер ұжымы Өзбекстан сапарынан қайтар жолда Түркістан облысына аялдап, «Әнім сен едің» қойылымын әйгілі композитордың туған жері Отырар ауданы сахнасында көрермен назарына ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы