Қостанай облысында шамамен 3 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

18 Наурыз 2019, 18:25
2032
Бөлісу:
Қостанай облысында шамамен 3 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы Қостанай облысында 18 аудиторлық тексеру жүргізіліп, 2,9 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Сондай-ақ, 1 млрд теңгеден астам қаржы тиімсіз жоспарланған. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста айтылды.

Отырыс барысында Облыстық ревизиялық комиссия төрағасы Дмитрий Костюков бірқатар мысал келтірді.

«Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау кезінде көбісі жобаның іске асыру барысын есепке алмайды. ЖСҚ мерзімі өтіп кетеді, құрылыс басталмай жатып қаржы жұмсалып қояды. 2018 жылы 170 млн теңге осылай жұмсалған. Қостанай ауданында Половников орта мектебін күрделі жөндеуге 277 млн теңге жұмсалған. Былтыр онда 76 оқушы оқыған. Соңғы үш жылды қарасақ, оқушылардың көбеюі байқалмайды, керісінше азайған», - деді Дмитрий Костюков.

Сондай-ақ, оның сөзінше, ҰБТ нәтижесі төмен.

«Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебіндегі жағдай басқаша: оқушылар саны жыл сайын артып, оқу ошағының мүмкіндігі жетпей жатыр. Күрделі жөндеу жүргізудің қажеттігі туралы дәйектеме бар, бірақ ақша бөлінбеген, тіпті ЖСҚ да қаржы қаралмаған», - деп атап өтті Облыстық ревизиялық комиссия төрағасы.

Сонымен қатар, Таран ауданындағы «Тобыл» МКК жылыту қазандығын жаңарту үшін республикалық бюджеттен 880,9 млн теңге бөлінген. Алайда, оның жартысы ғана іске қосылған. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаев төрт қазандықтың екеуі резервте тұрғанын түсіндіріп өтті.

Федоров ауданында 1,3 млн теңгеге ведомстволық үй сатып алынған, алайда ол ешкімге берілмеген.

«Перцевка ауылында негізгі мектеп салынды. Шешім маған дейін қабылданып қойылған. Мектеп 150 орынға шақталса, онда 76 оқушы ғана білім алып жүр. Ауылдың айналасындағы жағдайды сараптап, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру керек шығар. Қамысты ауданында да мектеп тұрғызып, кейін жабуға мәжбүр болған. Сондықтан, мұндай мәселеде ауылдың болашағын да есепке алу керек», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Өзгелердің жаңалығы