Қостанай облысында 186 түлек «Алтын белгіден» үмітті

26 Мамыр 2019, 16:39
1780
Бөлісу:
Қостанай облысында 186 түлек «Алтын белгіден» үмітті
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қостанай облысында 4800 жеткіншек мектеп бітірді. Олардың ішінде 186 түлек «Алтын белгіден» үмітті. Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк биылғы оқу жылын Қостанай өңірі үшін жемісті әрі жарқын кезең деп атады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастар үшін білім қаншалықты маңызды екенін айтты. Бүгінде білімді ұрпақ тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, цифрландыруға үлкен мән берілуде. Өңірдегі мектептердің 87,1%-ы (504 мектептің 439-ы) жылдамдығы 4 Мбит/с дейін жететін интернетпен қамтылған. Демеушілерден тартылған 240 млн теңгеден астам қаражатқа 24 цифрлық технологиялар кабинеті мен 29 ІТ-сынып ашылды», - деді Василий Цымбалюк.

Сонымен қатар, мектептердегі информатика кабинеттері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Өткен жылы облыс бюджетінен 266,6 млн теңге бөлініп, оған 1720 компьютер сатып алынған.

Басқарма басшысы биылғы оқу жылын жемісті әрі жарқын кезең деп атап өтіп, жетістіктерге тоқталды.

«Оқушыларымыздың мақтанып айтарлық жеңістері аз емес. Ғылыми жұмыстар байқауының республикалық кезеңіне біздің облыстан 55 жоба ұсынылып, 24-і жүлдеге ілікті. Яғни, 3 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль қоржынымызға түсті. Республикалық олимпиададан 29 жүлде бар. Оның біреуі – алтын, алтауы – күміс, қалғаны – қола. Аталған жарыста бірнеше жылдан бері Қостанайға математика мен биологиядан жүлде бұйырмай жүрген. Осы оқу жылы оқушылар жақсы нәтиже көрсетті», - деді ол.

Оның айтуынша, барлығы 60-тан астам оқушы республикалық деңгейдегі олимпиада жарыстарынан жүлделі оралған.

Өңір өрендері өнер мен спорттан да кенде емес. Мәселен, Щучинск қаласында өткен ХІ қысқы оқушылар спартакиадасында Қостанай облысы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды қанжығалады. «Жас өркен» І балалар байқауында 5 дарынды оқушы лауреат атанды.

Өзгелердің жаңалығы