Қостанайда 70 мектепке күрделі жөндеу қажет

6 Маусым 2019, 20:47
1941
Бөлісу:
Қостанайда 70 мектепке күрделі жөндеу қажет
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде үш мектеп апатты жағдайда тұр. Олардың орнына әрқайсы 320 орындық жаңа білім ошақтары салынады. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк мәлімдеді.

Қостанай өңірінде жалпы білім беретін 521 мектеп бар. Алайда, облыс орталығында орын тапшылығы байқалады. Былтырдан бері үш оқу ошағы (№5а мектеп-гимназия, №24 мектеп және №2 мектеп-лицей) үш ауысыммен жұмыс істеуге көшті.

«Қазір бірқатар арнаулы оқу орындары біріктіріліп жатыр. Үш ауысым мәселесін шешудің бір жолы – Қостанай кәсіби-техникалық колледжін мектеп ретінде қайта жасақтау. Сондықтан, қала әкімдігі бұған қаржы қарастырса, жабдықтар сатып алып, оқушыларды сонда көшіруге болады», - деді Василий Цымбалюк.

Сондай-ақ, мамандар бұл түйткіл жаңа мектептер салу арқылы да шешіледі деген сенімде. Биыл Аэропорт шағын ауданында 900 орындық орта білім ордасының құрылысы аяқталады. Оған осы жылы республикалық бюджеттен қосымша 529,5 млн теңге қаралған. Бұған дейін 1,055 млрд теңге игерілді. Одан бөлек, Юбилейный мөлтек мекенінде 1200 орындық мектеп салынады. Жалпы құны 3,188 млрд теңгеге бағаланған ғимарат 2020 жылы пайдалануға берілмек.

2017 жылы өткізілген сараптама нәтижесінде облыстағы үш мектеп (Амангелді ОМ, Аманқарағай ОМ және Қарасу ОМ) апатты деп танылып, оларды алмастыратын жаңа нысандар бой көтеретін болды. Үшеуі де мемлекеттік тілде оқытады. Мамыр айына дейін Әулиекөл ауданындағы №2 Аманқарағай ОМ жобасы мақұлданғаны айтылды, қалған екі жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі қарауында жатыр.

Басқарма басшысының хабарлауынша, 2018-2019 оқу жылында 2 млрд 586 теңгеге 70-тен астам білім ошағында күрделі әрі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жылы тағы 70 мектеп кезек күтіп тұр.

Өзгелердің жаңалығы