Қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін айыппұл оны қорғауға жұмсалады

11 Қыркүйек 2019, 17:08
4571
Бөлісу:
Қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін айыппұл оны қорғауға жұмсалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін айыппұлды экологияны қорғауға арнау ұсынылып отыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облысының тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктері ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы жобасына қатысты өз ұсыныстары мен ескертуін білдірді.

Вице-министр Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, ведомство еліміз үшін маңызды бұл құжатты 200 сарапшы, бизнесмен, мемлекеттік орган өкілдерімен бірге әзірледі. Бүгінде заң жобасының мәтінімен министрліктің ресми сайтынан таныса аласыздар. Ал талқылау әлі де жүріп жатыр. 

«Экологиялық заңнаманың басты бағытының бірі «ластаушы төлейді» экологиялық қағидатын іске асыру. Бұл дегеніміз толықтай экологиялық реттеуден бас тарту. Толып жатқан табиғатты пайдаланушыны тәртіпке шақырмай-ақ, тек ірі ластаушы кәсіпорындарға көңіл бөлу қажет. Осы ірі кәсіпорындардың бәрін есепке алу үшін бұл санаттағылардың дәл санын анықтау қажет», - деді вице-министр. 

Вице-министрді тыңдай келе, жұртшылық өз ұсынысын айтты. 

«Мемлекет қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындарға айыппұл салғанмен, одан алынатын төлемнің мақсаты анықталмаған. Миллиардтаған қаржы бюджетке енеді де, әлеуметтік проблемаларға жұмсалады. Бірақ табиғатты қорғауға арналмайды. Мен норманы бұзған кәсіпорындардан алынатын айыппұлдың ең болмаса 1%-ын аграрлық ғылымға жұмсауды ұсынар едім. Бұлар тіршілікті жаңартатын адамдар ғой. Жалпы төлемдердің мақсаты айқындалуы тиіс», - деді «Элит Агро» қоғамдық қорының басшысы Марина Цыганкова.

Мұның сыртында, Марина Цыганкова қоғамдық экологиялық сараптама өткізуді, сондай-ақ алдағы қоғамдық тыңдаулар туралы хабарландыруды тек БАҚ басылымдарында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерде де жариялауды ұсынды.

Ахметжан Пірімқұлов Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын жетілдіру туралы жұртшылық айтқан барлық ұсыныс ескерілетініне сендірді. Қарағанды мен Атырау қалаларында өткізілген мұндай талқылауларды енді Қазақстанның барлық өңірінде өткізу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы