Бас жаңалықтар
Қордайдағы төбелес: Бас прокуратура үндеу жасады
12 Ақпан 2020, 13:51 384

Қордайдағы төбелес: Бас прокуратура үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Б. Б. Дембаев "Прокуратура туралы" Заңның 31-бабы тәртібінде қазақстандықтарға үндеу жасады.

Дембаевтың айтуынша, Қордайдағы төбелес салдарынан бірқатар қылмыстық іс тергелуде.

Құрметті Азаматтар! 2019 жылғы 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай төбелес орын алған. Бүгінге бірқатар қылмыстық іс тергелуде, олардың барысында барлық кінәлілерді анықтап, заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту үшін шаралар қамтамасыз етілетін болады, - деді ол.

Бас прокурордың орынбасары болған оқиға бұрмаланып, жалған ақпараттар қасақана таратылып жатқанын айтты.

Дегенмен, жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы көрінеу жалған ақпаратты қасақана таратуда. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бейне және аудиоматериалдарды орналастырудың жаңа фактілері, соның ішінде Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты емес және өңір мен елдегі ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретіндер жүйелі түрде тіркелуде, - деп атап өтті Дембаев.

Құқық қорғау органдары осындай арандатушылық жарияланымдардың авторларының жеке басын анықтап, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Алматы қаласында 1990 және 1987 жылдары туылған екі азамат "Facebook" әлеуметтік желісінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған. 2020 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласының 1983 жылы туылған тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы осы тектес шақырулар таратқан. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі (азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Дембаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оның үндеуіне құлақ асуға шақырды.
Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында еліміздің барлық тұрғындарынан менің үндеуіме көңіл аударуды сұраймын! Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салады. Осы талапты бұзу ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (ҚК-тің 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚК-тің 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-тің 274-бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған байланысты азаматтарды шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамын, - деді Дембаев.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғалар бойынша тергеу барысы мен нәтижелері туралы шынайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми Интернет-ресурстарында орналастырылуда, қоғамға брифингтерде жеткізілуде.

Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кеседі және оларды болдырмау жөнінде заңда көзделген шараларды қабылдайды.

Еске салсақ, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында жаппай төбелес болып, салдарынан 10 адам қаза тапқан болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...