Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті
PHOTO
9 Мамыр, 09:00 559

Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қонаев қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне байланысты аталған қалада салтанатты шаралар ұйымдастырылды. 

Оған облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Қалаға мемлекет және қоғам қайраткерінің туған-туыстары, замандастары мен әріптестері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғылым мен шығармашылық иелері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар жиналды. Олар алдымен қаланың орталық алаңындағы Д.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнда Алматыдағы Д.А.Қонаев атындағы музейдің экспонаттарының  көшпелі көрмесі қойылды. Көрмеде Дінмұхамед Ахметұлының жеке заттары ұсынылды, фотокөрме, мерекелік концерт  ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанды дамытудағы және қалалар салудағы ерен еңбегіне тоқталды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев елімізде 43 қаланың салынуына атсалысты. Соның 7-еуі Алматы облысындағы Есік, Қаскелең, Сарқан, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сосын, әрине, осы Қапшағай, яғни қазіргі Қонаев қаласы. Сондықтан өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – лайықты құрмет көрсету деп білеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен, қала халқының қолдауымен тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Қаланы қалыптастыру, ГЭС пен су қоймасын салу – Дінмұхамед Қонаевтың тікелей еңбегі. Сонымен бірге Президенттің Жарлығына сәйкес облыс екіге бөлінгеннен кейін Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болады деп бекітілді. Бұл қаланың дамуына жаңа серпін беріп, мегаполистің маңайындағы аудандардың қордаланған әлеуметтік мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік жасайды, - деді Бозымбаев.

Облыс басшысының айтуынша, алдағы уақытта Қонаев пен Алматы қалаларының арасын серіктес қалалар жалғайтын болады. Қазір қажетті инфрақұрылым жасалған, қала одан әрі де дамитын болады. Бұл ретте жобаның жаңартылған тұжырымдамасында қала экономикасының өнеркәсіптік, туристік, ойын-сауықтық бағыттарын дамыту қарастырылған. Яғни бюджет түсімі мен тартылатын инвестиция көлемі артады деген сөз.

Қалаға жаңа атау беріліп, жаңа мәртебеге ие болуы – өзгерістің басы. Қазірдің өзінде тұрақты жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын көбейту, қаланың инфрақұрылыммен қамтылуы мен көркейтілуін кешенді түрде қарастыратын жоспар әзірленуде. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени – қай жағынан болсын жаңа тарихы басталды деп сеніммен айтуға болады. Қонаев қаласының тұрғындары да өзгерістерге белсене атсалысады деп сенеміз, - деген Қанат Бозымбаев көпшілікті Жеңіс күнімен және қала атауының ауысуымен құттықтады. 

Д.Қонаевтың туысы, қайраткер атындағы қордың президенті Эльдар Қонаев лебізін білдірді:

Дінмұхамед Ахметұлының отбасының атынан қалаға есімін беруге қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен ризашығылығымды айтамын. Бұл тарихи шешім – Дінмұхамед Қонаевтың елге сіңірген көп жылғы еңбегіне көрсетілген құрмет. Сол жылдарда республикамыздың экономикасы 7 есе артыпты. Ол Алматы облысына ерекше көңіл аударатын, ал сайын далаға тұрғызылған Қапшағай қаласына деген ықыласы бөлек еді. Оның барлық қалыптасу, даму процестері Дінмұхамед Ахметұлының жіті назарында болды. Сондықтан біз қайраткердің 110 жылдық мерейтойлық кезеңінде атын Қапшағай қаласына беру туралы жаңалықты қуанышпен қабылдадық. Бұл шешім қаланың одан әрі жаңа леппен дамуына жол ашады деп сенеміз. Қонаев қаласы өсіп-өркендей берсін! – деді ол. 

Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСР-ының еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова мен генерал, қоғам қайраткері, Дінмұхамед Қонаевтың басшылығымен түрлі лауазымдарда 20 жылдан астам еңбек еткен Амангелді Шабдарбаев естеліктер айтып, тілектерін жеткізді. 

Ғалым, химик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы болған саясаткердің ғылымдағы жетістіктеріне тоқталды. Ертеректегі жылдарды еске алып, Дінмұхамед Ахметұлымен кездескен, бірлесіп жұмыс істеген кездері туралы әңгімеледі. «Ол кіміні Димеке дейтінбіз», - деген М.Жұрынов Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан тарихындағы айтулы қайраткердің бірі екенін атап өтті. Бұл пікірлерге қолдау білдірген қала халқы қызу қол соқты. Д.Қонаевпен бірге қызмет еткен, оны білетін өзге де азаматтар қайраткерге құрмет көрсетіп, сөз арнады.

Жиын соңында Қапшағайды салуға қатысқан құрылысшы, қаланың құрметті азаматы Александр Чжен:

Мен Қапшағай ГЭС-ін салуға жас маман болып келген едім. Бүгін  қаламыздың облыс орталығы мәртебесін алуымен, оған біртуар азамат Дінмұхамед Қонаевтың аты берілуімен құттықтау бақытына ие болып отырмын. Қаламыздың тарихы Дінмұхамед Ахметұлының есімімен тығыз байланысты. Ол Қапшағай ГЭС-і ғимаратының алғашқы іргетасын қалап қана қойған жоқ, оның басшылығымен қаланың маңызды көлік-логистикалық нысандары салынды. Біз, ардагер құрылысшылар, қалаға Қонаев есімі берілгеніне шын жүректен қуандық. Мерекелеріңіз құтты болсын, қонаевтықтар!

Осы күні қайраткерге арнап ас берілді. 

Жалпы бүгінде Алматы облысында Д.Қонаевтың атымен аталатын 8 білім мекемесі, 114 көше, бар, 8 ескерткіш орнатылған. Жуырда Балқаш ауданы Бақанас ауылында тағы бір ескерткіш қойылады. 


Фото: дереккөз
Загрузка...