Бас жаңалықтар
"Qoldau" жүйесінен шаруаларға қолдау болмай тұр
05 Тамыз 2020, 09:11 178

"Qoldau" жүйесінен шаруаларға қолдау болмай тұр

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да экономиканы әртараптандырудағы ауыл шаруашылығы саласының алатын орны ерекше.

Бұл жайында "Қазақстан фермерлер одағы" РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Досжан Тоқбергенов айтты. Оның мәліметіне қарағанда, былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,2 млрд теңге бөлінген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10,6 млрд теңгеге артық екен.

Оның ішінде егін шаруашылығында 2 276 шаруашылыққа – 3,3 млрд теңге, мал шаруашылығында 3 497 шаруашылыққа – 4,7 млрд теңге, инвестициялық жобаларды субсидялау бойынша – 1 142 шаруашылыққа 3,8 млрд теңге және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге 11 шаруашылыққа 1,1 млрд теңге субсидия төленді, - деп атап өтті ол. 

Мұның нәтижесінен жалпы республикада Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалған.

Филиал жетекшісі жыл басынан бері аймақта 51,1 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2,9 пайызды құрағанын да мәлімдеді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш екен.

Бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде облыстың өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі біршама нығайып келеді. Дегенмен, салада өз шешімін қажет ететін жүйелі мәселелер де жоқ емес. Сол мәселелерді әрдайым көтеріп, оның шешімін табуға "Қазақстан фермерлер одағы" Жамбыл облыстық филиалы атсалысып, ықпал етуде, - деген Досжан Тоқбергенов филиалдың көтеріп жүрген саладағы маңызды мәселері елеусіз қалмай, облыстық, республикалық деңгейлерде талқыланып, шешімдерін тауып келе жатқанын да сөз етті.

Фермерлер одағының мүшелері субсидиялау бағдарламаларындағы арнайы жұмысшы топтар мен жер мәселелері комиссиясы сынды барлық дерлік тұрақты консультативтік-кеңестік органдардың жұмысына белсенді араласып, шаруалардың заңды мүдделерін қорғап келеді. Мысалы, облыстық фермерлер одағы орталық аппаратпен және жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, төтенше жағдай басталғаннан блок бекеттерден көктемгі дала жұмыстарына кедергісіз өту мәселесіне атсалысқан.

Наурыз айында Байзақ ауданында Алматы қаласындағы "Шопан-Ата" қауымдастығының басшысының қатысуымен қой шаруашылығын әрі қарай дамыту, тұқымын асылдандыру туралы семинар-кеңес өткіздік. Мамыр айында республикалық "Біз біргеміз!" акциясы аясында облыстық фермерлер одағының белсенді мүшелерінің көмегімен Тараз қаласындағы көп балалы және жағдайы төмен 50 отбасыға қажетті азық-түлік себеттерін тараттық, - деді фермерлер одағының өңідегі өкілі.

Оның сөзінше, еліміздің экономикасының маңызды секторы – ауыл шаруашылығы. Еліміздің табиғат жағдайларының сан түрлілігі егін және мал шаруашылығының дамуына көптеген мүмкіншіліктер береді. Осы шаруашылықтарды дамытып, өндіріп, өсіріп отырған – қарапайым шаруа қожалықтары. Жамбыл облысы аумағында 18 000 ұсақ және ірі шаруа қожалықтар бар. Ағымдағы жылы әлемдік пандемияның өршуі және төтенше жағдай шараларының енгізілуіне байланысты шаруа қожалықтардың қалыпты жұмысында кедергілер пайда болды. Кедергі келтірген сыртқы факторларды өткере бастаған кезде, фермерлерді тағы бір сын күтіп тұрды.

Атап айтқанда, шаруалардың жұмысын оңтайлайтын, олардың жұмыстарына қамқор болуға бағытталған "Qoldau" жүйесі болып отыр. Алайда, мұның пайдасынан машақаты көп. Біріншіден, аталмыш жүйені пайдалану қызметінің құны 3 АЕК-тен (7 575 теңге), 11 АЕК-ке (36 736 теңге) өсіп кетті. Көптеген шаруалар ұсақ болғандықтан, 11 АЕК көлемінде тариф төлеуге қауқарлары жете бермейді. Екіншіден, аталмыш жүйе платформасының қолдану сапасы сын көтермейді. Мысалы, платформаға кіріп өтініш тастау үшін шотыңызда қаражат болуы талап етіледі, - деді Досжан Тоқбергенов.

Осыған орай, Қазақстанның Фермерл одағы Жамбыл облыстық филиалы "қамқор" болуға бағытталған "Qoldau" жүйесінен бас тартуды және шаруалардың жұмысына кедергі туындырмайтын "ААЖ", яғни "Ақпараттық аналитикалық жүйесі" арқылы іске асыруды ұсынған. Тіпті, Ауыл шаруашылығы министрлігіне мәселені шешу бойынша өтініш те жолдапты.

Бүгінгі таңда ауыл халқы көбінесе өздерінің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатыр. Яғни, тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Осы уақытқа дейін олардың бұл топтарына билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей, несие де, субсидия да ала алмаған еді. Енді Жамбыл облысындағы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жоба табысты жүзеге асуда және басқа өңірлер үшін үлгі боларлық, - деді сала маманы.

Оның пайымынша, бастапқыда көптеген тұрғындардың бұл жобаға сенімсіздікпен қарағаны жасырын емес. Бүгінде олар оның нәтижелігіне көз жеткізеуде. Жобаның ерекшелігі, ауыл тұрғындарының несие алуға қолжетімділігін арттыру үшін ұсақ және жеке қосалқы шаруаларға жеңілдікпен несие беру қарастырылған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...