ҚХА мүшелері сессия тақырыбын талқылады

3 Мамыр 2019, 09:12
2147
Бөлісу:
ҚХА мүшелері сессия тақырыбын талқылады
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII кезекті сессиясына Тобыл-Торғай өңірінен 39 адам қатысып келді. Қостанайлық делегаттар Қоғамдық келісім үйінде өткен дөңгелек үстелде аталмыш жиынның мәні мен маңызын талқылады.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бибігүл Аққожина сессия тақырыбының ауқымды екенін айта келіп, оның ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Бұл жолғы сессия «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» деп аталды. Биыл Жастар жылы деп жарияланғандықтан, делегация құрамында жас буын өкілдері көбірек болды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясынан, Оңтүстік Кореядан, Германиядан, Қырғызстаннан қонақтардың шақырылуы, олардың шынайы лебіздері де маңызды жиынның салмағын одан әрі арттыра түсті. Кезекті сессия осындай ерекшеліктерімен есте қалды», – деді Бибігүл Аққожина.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетов Оңтүстік Кореядан келген жас ғалымның сөзі ерекше тебіренткенін айтты.

«Қазақстанда үш жыл тұратын корей қызының мемлекеттік тілді үйреніп алғаны біз секілді патриоттарды айрықша қуантты. Ол Қазақстанды бекер таңдамапты. Оны біздің елдегі татулық, бірлік таңғалдырады екен. Шетелде жүрсе де Қазақстанды Отаным деп санайтын азаматтардың жалынды сөздеріне де бір марқайып қалдық», - деді Әлімжан Бекмағамбетов.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Елена Кашаринаны қазақша сөйлеуге шақырған Алла Чечеткинаның сөзі шабыттандырған.

«Жерлесіміз мемлекеттік тілді үйренуге ынтамызды арттырып, Отанды сүюдің үлгісін көрсетті» деген ол Ассамблея мүшелеріне «Жетістік челенджі» жаңа жобасын ұсынды. Оның айтуынша, жобаға қатысушылар өздерінің табысқа жету жолын Қазақстанда жасалған жағдаймен байланыстырып, әлеуметтік желіде баяндауы керек.

Қостанай аймағының зиялы азаматтар қоғамы төрағасы Қалқаман Жақыптың пікірінше, сессияның саяси науқан алдында өтуі елдің бір толғанып алуына септігін тигізбек.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөзінде аумалы-төкпелі заманда да бізді өзгертпеген тұрақтылығымыз, бір-бірімізге деген достастық көзқарасымыз екенін айтты. Сондай-ақ, өзге елдердегі жағдайларды мысалға келтірді. Нақтылы айтсақ, бүгінгі таңда отыздан артық мемлекетте қырыққа жуық қарулы қақтығыс болып жатыр екен. Осының кесірінен шағын, орта деңгейдегі ғана емес, алпауыт елдердің де жалауы жығылуда. Бұл орайда, Тұңғыш Президент әлемді босқындар мәселесі алаңдатып отырғанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда 250 млн мигранттың 70 млн астамы босқындар екен. Бұл дегеніміз – не елі, не күйі, не жағдайы жоқ адамдардың көбеюі. Міне, осыны салыстыра келе қарасақ, біздің көпэтносты, көпконфессиялы Қазақстанда, отыз жылға жуық уақытта ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар болған емес, болмайды да деп сенеміз. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан бейбітшілік бесігіне айналған ел. Стратегиялық мақсатты, тактикалық міндетті тек бірліктің арқасында іске асырамыз», – деді Қалқаман Жақып.

Өзгелердің жаңалығы