QazVac – отандық ғылымның жемісі

19 Қыркүйек 2021, 18:26
2566
Бөлісу:
QazVac – отандық ғылымның жемісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия басталғалы да екі жылға жуықтады. Індетпен күреске дәрігерлермен қатар, ғалымдарымыз да белсене кірісті. Сөзімізге коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцинаның ойлап табылуы куә.

QazVac вакцинасын отандық ғылымның жетістігі деп атауға әбден болады. 2020 жылы наурызда елімізде алғаш рет вирус жұқтыру дерегі тіркелген еді. Ғалымдар дереу дертті зерттеп, вакцина әзірлеуге кірісті.

Мамыр айының басында ғалымдар QazVac (QazCovid-in) вакцинасын жасағандарын хабарлады. Ал 15 мамырда ол Денсаулық сақтау ұйымында кандидаттық вакцина ретінде тіркелді. Осылайша, зертханада жануарларға егу қолға алынып, клиникалық зерттеу басталды.

Арада бір ай мерзім өткен соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы зерттеуге оң нәтиже ұсынды. Шілде айында ғалымдар QazVac-ты алғашқы болып өздері салдырды.

Отандық вакцинаны сынауға елдің ерікті азаматтары да белсене атсалысты. Екпеге жүргізілген клиникалық зерттеулердің І кезеңіне 44 ерікті қатысса, ІІ кезеңіне 200 ерікті қатысты. Иммуногенділігі мен тиімділігі жоғары болып табылған вакцина ІІІ кезеңде де сыналып, 3 мың ерікті QazVac (QazCovid-in) вакцинасын алды.

Ал биыл сәуір айында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина қауіпсіз болып табылған соң бірінші партиясы жөнелтілді.

Отандық екпені шетел де мойындай бастады. Медицина бойынша әлемдегі ең танымал, тарихы мол, абыройлы басылым – The Lancet журналы QazVac вакцинасы туралы мақала жариялады. Жарияланымда вакцинаның клиникалық зерттелуінің 1-2 фазасының нәтижелері сөз болған.

Осы орайда Күнсұлу Закарья басқаратын Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында қызмет ететін ғалымдардың еңбегінің өлшеусіз екендігі айғақ.

Жуырда Душанбеде өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаның тиімділігін айтты.

QazVac вакцинамыз сын тезінен лайықты өтті. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді, - деді Президент.

Айта кететін жайт, QazVac әзірленген институт – Қазақстан мен Орта Азияда салынған ең алғашқы зертхана. Қазір қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған көрінеді. Сонымен қатар ең алғашқылардың қатарында QazVac екпесін Қырғыз Республикасы өз елдерінде тіркеді.

P.S. Бүгінде Тараз қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада тағы бі отандық екпе – QazCoVac-P суббірлікті вакцинасы сынақтан өткізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы