Болашақта өзге ғаламшардан қазба байлық өндіретін боламыз – NASА ғарышкері

7 Қазан 2019, 11:40
3275
Бөлісу:
Болашақта өзге ғаламшардан қазба байлық өндіретін боламыз – NASА ғарышкері
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Болашақта ғарыштағы өзге ғаламшарға барып қазба байлықтарын өндіру мүмкін болмақ. Мәселен, құрылыс материалдарын болашақта сол жақтан өндіре аламыз деп ойлаймын. Ай мен Марс сияқты су табылған планеталардан зымыранға қажетті жанармай өндіруге әбден болады. 

Бұл туралы NASA астронавты доктор Шэннон Уокер Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде айтты.

АҚШ Бас консулдығы American Space Almaty Chevron компаниясының қолдауымен Алматыда Ғарыш апталығын өткізіп жатыр. Осы шара аясында Алматыға келген Шэннон Уокер журналистермен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді.

Шэннон Уокер кішкентай бала кезінен ғарышкер болуды армандағанын және осы жолда көптеген кедергіге қарамастан арманына жеткенін айтты.

«Мен төрт жасқа толғанда адам баласы Айға қонды. Содан бастап ғарышкер болсам деп армандадым және соған жету үшін жақсы білім алуға талпындым», - дейді ол. 

Кездесу барысында ол қазіргі ғарыш ғылымының алдында екі мақсат тұрғанын айтты. 

«Оның біріншісі кеңістікте ұзақ уақыт тұру үшін не қажет екенін түсіну. Яғни, өмірге қажетті ең негізгі заттарды ұзақ уақыт бойына қамтамасыз ету болып тұр. Екіншісі, инженерлердің жүйелік жұмыстарын жетілдіруі. Сондай-ақ ғарыш станциясында біз ғылымның кез келген саласында зерттеулер жасаймыз», - деді ғарышкер. 

Сондай-ақ, ол журналистердің «АҚШ-та ғарышкерлерге қандай құрмет көрсетіледі деген» сұрағына да жауап берді.

«Өткен ғасырдың 60-жылдары ғарышкерлер Жерге оралғанда оларды күтіп алуға арналған шерулер болатын. Қазір бізде ондай нәрсе жоқ. Бізде ғарышкерлер көп болғандықтан, көпшілік олардың есімдерін біле бермейді. Алайда, мамандық ретінде, кәсіп ретінде ғарышкерлер құрметке ие. Мені көшеде тани қоймас, бірақ біліп жатса, сұрақ қойғылары келеді, танысқанына қуанып жатады», - деді ол.

Сонымен қатар, ол NASА-ның марс ғаламшарын зерттеудегі негізгі мақсатына да тоқталып өтті.

«NASА-ның Марсқа келгендегі түпкі мақсаты – сол жерге барып мекендеу. Яғни, Жерден басқа ғаламшарды игеру. Қашан екені белгісіз, дегенмен адамдар Марста мекен ететініне сенемін», - деді ғарышкер. 

Сөз соңында ол кеңістікке көтерілгенде Жердің өте кішкентай екенін және оны аялай білуіміз қажет екенін түсінгенін жеткізді.

«Ғарыштан Жерге қарағанда оның кішкентай екенін, адамдардың бір-біріне өте жақын екенін түсіну оңай, бәріміз тығыз байланыстамыз. Жеріміз кішкентай ғана және уақытымызды неліктен бір-бірімізбен соғысуға, жанжалдасуға жұмсаймыз деген ойда қаласың», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы