«ҚазАвтоЖол» қосымша арқылы тас жолдардың жабылғандығы туралы хабарлайды
4 Мамыр, 14:30 561

«ҚазАвтоЖол» қосымша арқылы тас жолдардың жабылғандығы туралы хабарлайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар жолдарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен тас жолдардың жабылғандығы туралы «Darmen» қосымшасы арқылы хабарлап отырады. 

Бұл ел тұрғындарын барынша тезірек хабардар етіп отыру үшін қажет. Қазір жол құрылысы маусымы қарқынды жүріп жатыр. Қосымша арқылы қай жол учаскесінің жабық екендігін, жабық учаскені қандай балама, айналма жол арқылы айналып өтуге болатындығын білуге мүмкіндік бар.

Қосымша арқылы халықты жедел хабардар етіп отыру  республикалық маңызы бар жолдардың ұлттық операторының 1403 байланыс орталығы жұмысына да оң септігін тигізеді. Мәселен, байланыс орталығының қызметкерлері автокөлік иегерлерінің басқа да сұраныстарын (мысалы, жолды күтіп ұстау, филиалдардың жұмысы, шағымдар және т.б.) одан да тезірек өңдейді.

Ауа райы қолайсыз болған кезде тұрғындар 1403 нөміріне хабарласып, жабылған жолдар туралы сұрайды. Рспублика бойынша бірқатар аймақта жолдар жабылған кезде біздің байланыс орталыққа түсетін қоңыраулар саны еселеп артады. Қоңырау саны артқандықтан, кей кезде тұрғындар желіде бір-екі минут күте тұруға мәжбүр. Бұл тұрғындарымыз үшін қолайсыз болуы мүмкін. Дегенмен, операторларға келіп түскен барлық сұраулар міндетті түрде өңделеді.  Ауа-райы нашарлағанда әр минут маңызды. Қосымшамен бірлесе жұмыс істеу ең алдымен енгізілген шектеулер туралы дереу хабардар ету мүмкіндігін береді.  Жедел ақпарат қосымшаны орнатқан әр адамның ұялы телефонында автоматты түрде болады.  1403 колл-орталығы өз жұмысын жалғастыра беретінін  атап өткім келеді, - деді «ҚазАвтоЖол» басшысы Мейірхат Қасымбаев.

Еске салайық, 2022 жылдың қараша айының басынан наурыз айының соңына дейін республикалық маңызы бар жолдарда қозғалысқа 700-ден астам рет шектеу енгізілді.  Осы аралықта «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ-ның бірыңғай колл-орталығы (1403 қысқа нөмірі бойынша) 125 мыңға жуық қоңырауды қабылдап, өңдеді. 

 


Фото: дереккөз
Загрузка...