ҚазАТУ түлектері қос диплом иегерлері атанды

31 Желтоқсан 2018, 10:31
2971
Бөлісу:
ҚазАТУ түлектері қос диплом иегерлері атанды
Фото: ҚазАТУ

Астана, BAQ.KZ. Астанадағы жоғары оқу орындарының арасында тұңғыш рет С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің төрт бірдей білім алушысы бірінші рет қос диплом иегері атанып отыр.

Италияның Милан мемлекеттік университеті мен ҚазАТУ-дың дипломын қатар алған түлектер бүгінде өздеріне лайықты жұмысқа орналасып үлгерген.

2014 жылдан бергі ынтымақтастық нәтижесінде қол жетіп отырған аталмыш жетістікті ары қарай да дамытуды мақсат еткен қос білім ордасы 2019 жылға арналған бағдарламаны да әзірлеп қойған. Келесі кезекте білім алушылар санын арттыру көзделуде.

«Ақпараттық жүйелер» мамандығын екі елдегі білім ордаларында бірдей меңгерген түлектерге сұраныс аса жоғары болып отыр. Себебі елімізді дәл осындай біліктілігі жоғары шет тілдерін еркін меңгерген бағдарламашылар жеткіліксіз. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры А.Қ. Күрішбаев «Ақпараттық жүйелер» маманы болып шыққан 4 магистрантқа дипломдарын табыстады.

Олар - Жаппарқұлов Қазыбек, Байдулла Қазыбек, Аркен Гүлназ және Амангелдинова Индира.

Милан Университетінің (Италия) дипломын иеленген жастардың қуанышында шек жоқ.

"Біз енді нағыз маман болдық. Қолымызда қос елдің дипломы бар. Жұмысымыз да дайын. Алдағы 2019 жыл жастар жылы болып отыр. Сондықтан біз тәрізді өзге де жастарға жағдай көп жасалады деп сенемін. Енді тек еліміз үшін аянбай қызмет етеміз. Бізге бар мүмкіндікті ұсынған білім ордаларымыздың басшылығына және жетекшілерімізге рахмет айтамыз" - дейді жас түлек Аркен Гүлназ. 
Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Абжаппарқызының айтуынша, магистранттардың білім деңгейі өте жоғары.

Олардың ақпараттық жүйелер және бағдарламалық құрылымдар саласындағы меңгерген тәжірибелерін көрген жұмыс берушілер бізге бірден хабарласты. Жоғары жалақы ұсынды. Бұл біз үшін аса маңызды жағдай болып отыр. Білім ордалары қол жеткізіп отырған жетістік өз жалғасын міндетті түрде табады. Себебі үміткерлер саны да артып отыр. ҚР Білім және ғылым министірлігі тарапынан және жалпы отандық білім беру саласында осындай мүмкіндіктір молынан жасалатын болса жастар үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы