Қазақстандық дипломаттар Момышұлы атындағы Мәскеу мектебінде болды

7 Мамыр 2022, 10:28
1635
Бөлісу:
Қазақстандық дипломаттар Момышұлы атындағы Мәскеу мектебінде болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің дипломаттары Мәскеу қаласы Зеленоград ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы №1912 мектепте болды.

Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс академиясының қазақстандық курсанттары, Ресейдегі қазақ студенттерінің "Жас тұлпар" қауымдастығының мүшелері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстандық дипломаттар Момышұлы атындағы Мәскеу мектебінде болды

Еске алу шарасы барысында қонақтар мектеп ауласында орнатылған Батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, Момышұлы мен аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясына арналған мектеп мұражайының экспозициясымен танысты. Сондай-ақ, кадет сыныбының оқушыларымен дөңгелек үстел өткізіліп, қазақ батырының өмірбаянындағы ең жарқын оқиғалары көрсетілді.

Қазақстандық дипломаттар Момышұлы атындағы Мәскеу мектебінде болды

2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен Батырдың 100 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен №1912 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Дәл осы мектепті таңдау Крюково кентінің маңында 1941 жылы Мәскеуді қорғау кезінде қанды шайқастар болғандығымен байланысты, онда Момышұлы құрамында соғысқан Панфилов дивизиясының жауынгерлері өшпес ерлік жасады. 

2010 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің көмегімен Момышұлының мектеп мұражайы құрылып, мұнда оның қола мүсіні орнатылды. Жақында мектеп ұжымы "Мәскеу үшін шайқасқа 80 жыл" мерекелік төсбелгісіне ие болды.

 

Өзгелердің жаңалығы