Ойын кезінде қазақстандық бала Роналдуға жүгіріп барды

22 Шілде 2019, 16:06
2949
Бөлісу:
Ойын кезінде қазақстандық бала Роналдуға жүгіріп барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 жастағы Ақтөбелік бала Сингапурде "Ювентус"  пен "Тоттенхэм" ойыны кезінде алаңға жүгіріп шығып, атақты футболшы Криштиану Роналдумен фотоға түсті. 

21 маусымда жас қазақстандық әкесімен бірге Сингапурге футбол ойынын көруге барған. Басында Болатбек Абулхаиров ұлына "Ювентус" футбол лагеріне жолдама сыйламақ болған, бірақ сәті түспей, ол "Ювентус" пен "Тоттенхэм" ойынына билет сыйлаған. 14 жастағы Ахмади Ержанов португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың жанкүйері екен. 

"Ұлым матч бойы Роналдудың ойынын тамашалап, қызықтаумен болды. Ол бізден 20 метр ғана қашықтықта ойнады. Өте керемет көрініс болды. Мен сол кезде ұлыма алаңға жүгіріп шығып, сүйікті спортшыңмен кездес деп кеңес бердім. Бірақ ол бірден жүгіріп шыға алмады. Күзетшілер де көп болды, өзі де батылдық танытпады. Мен оған бұл оның өміріндегі соңғы мүмкіндік болып, кейін өкініп қалмайтындай болу керектігін айттым. Содан кейін балам жүгіріп шықты, ол қатты қуанды, эмоциясында шек болмады", - дейді Ахмадидің әкесі Болатбек Абулхаиров. 

Бұл оқиға камераға да түсіп қалған. Қазақстандық баланың қосалқы құрамда отырған Роналдуға барған сәтін шетелдік арналар да көрсеткен. 

Оқиға соңы келеңсіз жағдайға душар болған. Роналдумен кездескеннен кейін баланы жергелікті полиция алып кеткен. Әкесі барып сөйлескеннен кейін оны босатқан. 

"Сингапурдеміз, бізді әлі де полиция шақырып жатыр. Біздің консулдықтан адамдар келіп, осы мәселені шешуге көмектеседі. Айыппұл салуы да мүмкін. Бірақ  болған іске өкінбейміз. Бастысы мен ұлымның арманын орындадым", - дейді әкесі.

Естеріңізге сала кетейік, "Ювентус" пен "Тоттенхэм" арасындағы ойын 21 шілде күні Сингапурде өтті. Есеп бойынша ағылшындар жеңіске жетті. Есеп 3:2. 


Өзгелердің жаңалығы