Қазақстанда сатып алушылық қабілет төмендесе де, турдемалыс қымбат

30 Қыркүйек 2020, 07:00
1679
Бөлісу:
Қазақстанда сатып алушылық қабілет төмендесе де, турдемалыс қымбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтардың сатып алушылық қабілеті 2014 жылдан бері төмендеп келеді. Ал еліміздегі туристік нысандардағы демалу құны болса, жоғары. Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ 2021-2030 жылдарға арналған даму стратегиясында осылай деп мәлімдеді.

2014 жылдан бастап, ақшалай кірістер мен жалақының өсу қарқынының нақты көрінісіне тоқталсақ, жыл сайынғы инфляциясының осы мерзімдегі теріс мәні 7%-ға ұлғайған. Сонымен бірге, сарапшылар мен тұрғындардың пікірлеріне сүйенсек, қазақстандық курорттардағы демалу құны – тым жоғары, ал сервис деңгейі – тым төмен. Сондай-ақ, барлық көлікпен тасымалдау, қонақ үй және мейрамхана қызметтерінің бағалары өсіп кеткен. Бұл да сұраныс деңгейіне кері әсерін тигізеді, - делінген стратегияда.

Статистиканың оперативтік мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы Қазақстан халқының орташа жан басына шаққандағы номиналды ақшалай кірістері – 104 389 теңгеден, ал бір жұмыскердің орташа айлық жалақысы 185 487 теңге болған.

Сонымен қатар, ақшалай шығындар құрылымының басым бөлігін (70%-дан астамын) азық-түлік және азық-түліктік емес тауарларды сатып алуға және міндетті төлемдер мен жарналарды төлеуге жұмсалатын қаражаттар құрайды, - деп нақтылады стратегия авторлары.

Ал ресми ақпарат бойынша, 2018 жылы еліміздің орналастыру орындарында орналасқан резидент қонақтар саны – 4 686,8 мың адам (2019 жылы 5 286,8 мың адам), шипажай-курорттық мекемелерде демалғандар саны – 296,9 мың адам, ерекше қорғалатын табиғат аумақтарында 871,9 мың адам болған.

Құжат Үкіметтің бекітуі үшін жария талқылауға шығарылып отыр.

Өзгелердің жаңалығы