Бас жаңалықтар
Қазақстанда электоралдық мәдениет төмен – аға оқытушы
03 Мамыр 2019, 16:06 722

Қазақстанда электоралдық мәдениет төмен – аға оқытушы

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде биылғы "Электоралдық кампанияның ерекшеліктері" туралы бүгін сарапшылар айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен шараға профессор Амангелді Айталы, отандық сарапшылар Марат Шибұтов, Ерлан Саиров пен Андрей Чеботарев, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты. 

Ақтөбеде өткен «2019 жылғы Электоралдық кампанияның ерекшеліктері» атты сараптамалық талқылауға отандық сарапшылар да қатысты. Кезектен тыс президенттік сайлау науқанының ерекшеліктері мен үміткерлерге тоқталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Асхат Кеңесовтің пікірінше, электоралдық кампанияның алғашқы ерекшелігі – Елбасының сайлауға түспеуі. Екіншісі – сайлауға түсетін үміткерлер саны көп. Барлығы тіркеуден өткен. 

«Ең маңызды ерекшелігі – оппозициялық топ болып есептелетін «Ұлт тағдыры» ұйымынан ұсынылған Әміржан Қосановтың тіркеуден өтуі. Біздің қоғамның билік тарапынан демократиялық келісімге дайын екендігін көрсетеді. Мүмкіндік туралы айтсақ. Қазір Елбасы сайлауға түспесе де, адамдардың таңдау мүмкіндігі шектеулі. Халықтың социологиялық зерттеуі бойынша ең танымал үміткер ретінде тек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосанов қана. Әйел адамның үміткер ретінде тіркелуі демократиялық мемлекеттерге тән дүние. Таңдалудың қажеті жоқ. Бұған дейін де елімізде әйел адамдар үміткер ретінде ұсынылды. Бірақ, кейбірі емтихан тапсыра алмады, тіркеуден өтпей қалды. Ал, биыл Еспаева тіркеуден өтіп отыр. Оның да электораттық базасы бар. Бірақ, оның жинайтын дауысы өте аз болады деп ойлаймын», - деді Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ аға оқытушысы Асхат Кеңесов. 

Сарапшылардың сөзінше, алдағы сайлау барлық стандартқа сай ашық өтеді. Әйтсе де, қазақстандықтар арасында қоғамның саяси мәдениетінің құрамдас бөлігі болған электоралдық мәдениет төмен. 

«Электоралдық мәдениет Қазақстанда төмен. Өйткені, адамдардың сайлау туралы, оның маңызы туралы әлі түсінік қалыптаспаған. Оған себеп, өз наразылықтарын халық сайлауға барып, дауыс беру арқылы білдірудің орнына, митингке шығады. Билік тарапынан бұл заңсыз делінген. Яғни, Қазақстан саясатындағы белгілі бір өзгерістерді қажет етеді», - деді «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік пәндер» кафедрасының аға оқытушысы. 

Кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар дауыс береді. Саясаттанушы Ерлан Саировтың сөзінше, қазір қоғамда сайлауға қатысты пікірталастар жүріп жатыр. 

«Жастар ағылшынша жақсы біледі. Ғаламтор арқылы дүниежүзінде болып жатқан әлеуметтік процестермен біздің елдегі процестердің арасындағы айырмашылықты олар көреді және сіздерге де сұрақ ретінде қоятын шығар. Мысалы, менің балаларым «неге өзге елдерде мемлекет парламентке бағынады, билік ауысып отырады. Неге біздің Қазақстанда билік ауыспайды?» деген сұрақтар қояды. Сол сұрақтарға шынайы, әділ жауап беруге дайын болуымыз керек. Менің ойымша, елде болып жатқан президент сайлауы елдегі саяси жүйенің эволюциялық тұрғыдан өзгеруінің ең алғашқы қарлығашы болуы ықтимал. Қоғам арасында үлкен пікірталас пайда болды. Кей азаматтар «сайлауға бармаймыз, себебі стандартқа сай емес» дейді. Бұл – азаматтардың өз құқығы. Енді бірі «біз сайлауға барып, дауыс береміз. Себебі, сен дауыс бермесең, басқа біреулер алып кетеді» деген пікір айтады. Ашық пікірталастың өтуі дұрыс. Ашық дискуссия елде 2004 жылдан бері болмаған. Адамдар пікір алмасу арқылы өз шешімін қабылдайтын болса, елде демократиялық стандарттар қалыпқа келеді деген үміт бар», - деді сарапшы Ерлан Саиров.

Саясаткер әлеуметтік желілерде белсенді болу керек. Сарапшылар бұл ретте Америка президенті Дональд Трамптың тәжірибесін мысалға келтірді. Марат Шибұтовтың айтуынша, сайлауға үміткерлердің екеуі ғана әлеуметтік желіде өте белсенді. Твиттер, фейсбук және инстаграмм желілерін қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосанов жиі пайдаланады. Олар сайлаушылармен тікелей байланыс орната алады. Сараптамалық талдауға қатысушылар 9 маусымда өтетін президенттік сайлаудың нәтижесі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді деген сенімде.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық