Қазақстан Премьер-лигасында жеңілмеген жалғыз команда қалды

29 Сәуір 2019, 11:00
2407
Бөлісу:
Қазақстан Премьер-лигасында жеңілмеген жалғыз команда қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 7-туры өтті. Қостанайдың «Тобылының» жеңіліссіз келе жатқан сериясы аяқталды. «Атырау» командасы бас бапкерін ауыстырды. «Ордабасы» қақпашы алтыншы ойын қатарынан қақпасына гол жібермеді. 

Нұр-Сұлтан қаласында «Шахтер» Қызылордадан келген «Қайсарды» қабылдады. Соңғы кездері «кеншілер» қарқындарын үдетіп, ұпай жинаған бастаған еді. Бірақ үш ойын созылған жеңіліссіз сериясы осы жолы тоқтады. 

Бірінші таймда «Қайсар» сапынан Тигран Барсегянның пасын ұтымды пайдалған Куле Мбомбо осы ойындағы жалғыз голды соқты. Матч соңына дейін бұл есеп өзгерген жоқ. 

Екінші кезеңде «Шахтер» таразы басын теңестірген еді. Алайда, төреші офсайд болды деп есептемеді. Сөйтіп, «Қайсар» осы маусымдағы үшінші жеңістеріне қол жеткізді.

«Қайсар» премьер-лигадағы қорғанысы берік командалардың бірі. Қызылордалық клуб 7-ойында 4 гол соғып, қақпасына небәрі 3 доп жіберген. 
«Ertis»-тің бас бапкері Димитар Димитровқа да тықыр әбден таянған болар. Команда тағы да ұтылды. Биыл отандық командалар арасында реберединг жасап, атауын латын қарпімен жазған «Ertis-тің» жағдайы дәл қазір қиын. Бұл жолы бірінші лигадан келген «Оқжетпестен ұтылды.
Ойындағы жеңіс голын айып алаңының сыртынан жартылай қорғаушы Санат Жұмақанов соқты. Осы үш ұпайдың арқасында «Оқжетпес» Павлодар командасынан озып кетті. 

Талдықорғанда «Жетісу» мен «Атырау» кездесті. Өзге командалардан 2 ойын артық өткізсе де, қонақтардың жағдайы қиын. Турнир кестесінде 11-орында тұр.  Бұл матчта есеп ашылған жоқ. Алаң иелері осымен екінші матчты 0:0 есебімен аяқтап отыр.

Шымкенттегі «Ордабасы» мен «Қайсар» мачы да 0:0 есебімен аяқталды. Негізі екі команданың жеңісті жұлып алатын бірнеше мүмкіндігі болған.
«Ордабасы» бірінші тайм белсенді ойнады. Әсіресе, Мирзад Механович, Жоао Пауло секілді ойыншылар мүлт кетіп жатты. 

Ал екінші таймда «Қайрат» сапынан Георгий Жуков 2 метр жерден бос қақпаға гол соға алмады. «Ордабасының» бұрыштамадан енгізген голын төреші есептемеді. Матч соңына қарай, қонақтардың қорғаушысы Ян Вороговский алаңнан қуылды. 

Ойын аяқталар тұста Гафуржан Сүйімбаевтың «Қайратқа» үш ұпай сыйлайтын мүмкіндігі болған. Бірақ ол қақпашымен жеке-дара шығып, тура Непогодовтың қолына тепті. Сөйтіп, матч тең аяқталды.

Осы турдағы ең көп голға қарық қылған «Ақтөбе» мен «Тараз» арасындағы матч болды. 
«Ақтөбе» осы маусымда алғаш рет өз алаңындағы кездесуді Қобыланды батыр атындағы стадионда қабылдады. Бірақ олар үшін сәтті болған жоқ. «Тараз» бірінші таймда екі гол соғып, үзіліске дейін мәселені шешкендей көрінген. Серж Ньюадзи мен Абзал Таубай мергендігімен көзге түскен болатын.

Алайда, «Ақтөбе» футболшылары екінші таймда белсеніп, таразы басын теңестірді. Қонақтардың қорғаушысы Жиан Мартинес өз қақпасына автогол соғып алса, бір допты Абат Айымбетов кіргізді. Дегенмен, «Тараз» бәрібір де жеңісті жұлып алды. Төреші қосқан қосымша минуттарда Элгуджа Лобжанидзе жеңіс голының авторы атанды. 

Осы турдың ең басты орталық кездесуі деп – «Астана» мен «Тобыл» матчын айтуға болады.
Никита Бочаров 8-минутта жылдам гол соғып, қонақтарды алға шығарған. Бұл жерде «Астана» қақпашысы Ненад Эричтің қателігі бар. Одан кейін Виктор Дмитренко есепті 2:0-ге жеткізіп еді. Бірақ төреші офсайд болды деп есепке алған жоқ. 
Бірінші кезең толықтай «Тобылдың» басымдығымен өтті. Алаң иелері қарсыласқа қайрат көрсете алмады.

Ал екінші таймда бәрі өзгеріп шыға келді. Роман Григорчук шәкірттерін үзілісте қамшылап алса керек. Матчтың 59-минутта босниялық қорғаушы Марин Аничич бұрыштама добынан кейін басымен қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп, есеп теңесті. Ал төреші қосқан қосымша минутта Роман Мұртазаев командасына үш ұпай сыйлады. Бұл гол да баспен соғылды. Нәтижелі пастың авторы – Марин Томасов. Премьер-лиганың үздік ассисенті алаңды жақсы көре білетінін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. 

7-турдың нәтижелері:
«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:1
Гол: Куле Мбомбо, 20 (0.1).
 «Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау» (Атырау) – 0:0
«Окжетпес» (Көкшетау) – «Ertis» (Павлодар) – 1:0 
Гол: Жұмаханов, 27 (1:0). 
«Ақтөбе» (Ақтөбе)  – «Тараз»  (Тараз) – 2:3 
Голдар: Ньюадзи, 20 (0:1).Таубай, 45 (0:2). Мартинс, 51-автогол (1:2). Айымбетов, 63 (2:2). Лобжанидзе, 90+2 (2:3).
«Астана» (Нұр-Сұлтан)  – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1 
Голдар: Бочаров, 8 (0:1). Аничич, 59 (1:1). Мұртазаев, 90+2 (2:1).

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасында күміс жүлдеге ие болды.

Өзгелердің жаңалығы