Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерін орындап жатыр

5 Тамыз 2020, 19:20
1290
Бөлісу:
Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерін орындап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәуір айында Қазақстан ОПЕК+ қатысушы елдер арасында 2020 жылдың мамыр-шілде айларында мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін ұжымдық қысқарту туралы келісім бойынша жаңа міндеттемелерге қосылды.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ОПЕК+ келісіміне қатысу сұраныс пен ұсыныс теңгерімін және мұнай бағасын қалпына келтіруге бағытталған. Қоймаларда мұнайдың толып кету қаупін болдырмау үшін Энергетика министрлігі орта, ірі және алып кен орындарында өндірісті шектеу туралы шешім қабылдаған болатын. Кен орындарының барлық түрі үшін мұнай өндіруді қысқарту бойынша міндеттемелерді әділ бөлу көзделді, - делінген хабарламада.

Қазақстан өз міндеттемелерін орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Келісімге сәйкес Қазақстанның шілде айындағы міндеттемелері тәулігіне 1,319 млн баррельді құрайтын. Алдын ала мәліметтер бойынша, шілде айында орташа тәуліктік өндіру тәулігіне 1,313 млн баррель немесе міндеттемелердің 101%-ын құрады. Республика Келісімнің міндеттемелерін орындағаны туралы деректерді ОПЕК+ хатшылығына жолдады.

Мәмілеге қатысу арқасында нарықтың барлық қатысушысы мұнай өндірудің бақыланатын және біртіндеп төмендеуіне қол жеткізді, бұл өз кезегінде әлемдік мұнай саласына оң әсер етті.

Өзгелердің жаңалығы