Қазақстан мен Литва арасында сотталған адамдарды беру туралы шарт бекітілді

8 Мамыр 2019, 11:03
1546
Бөлісу:
Қазақстан мен Литва арасында сотталған адамдарды беру туралы шарт бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары бір заң жобасын мақұлдап, екеуі бойынша қорытынды әзірлеуге кірісті. 

Депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

«Шартқа 2017 жылы 24 сәуірде Вильнюсте қол қойылған. Шартқа сәйкес, Қазақстан азаматын Литва соты бас бостандығынан айырса, не мәжбүрлі емдеуге тағайындаса, оны жазасын өтеуге елімізге қайтара аламыз. Шартта бірқатар талап бар. Алдымен ол біздің елдің не Литваның азаматы болуы тиіс, сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің келісімі де керек, екі елде де оның жасаған іс-әрекеті қылмыс болып табылуы тиіс. Берілген екі жақтың да келісімі керек. Сұрау келіп түскен кезде жаза кем дегенде алты ай өтелмеген болуы тиіс. Мына істермен сотталғандар берілмейді: біріншіден, сотталғандарды еліне қайтару егемендікке, қоғамдық тәртіпке, ұлттық заңнама мен мемлекеттің мүддесіне қайшы болса, екіншіден, сотталған адам келтірген залалды өтемесе», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов. 

Мәжілісмендер талқылаудан кейін аталған заң жобасын мақұлдады. 

Бұған қоса, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы бойынша және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге кірісті.

Отырыс соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.


Өзгелердің жаңалығы