Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

3 Сәуір 2019, 13:05
3873
Бөлісу:
Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік Корея өкілдері Қазақстанның ядролық қарусыздану процесінің негізгі принциптерін тәжірибе жүзінде қолдану үшін арнайы келді.

Корей қорының президенті Ли Сихён Оңтүстік Корея Қазақстаннан нақты не үйренгісі келетінін айтып берді.

«Бұл мәселенің түбі қайда жатқанын айтайын. Солтүстік Кореяның ойынша, АҚШ пен Оңтүстік Корея оның жеріне шабуылдап, территориясын құртты. Сондықтан да осы елдердің арасында сенімсіздік бар. АҚШ Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бірден бас тартқанын қалайды. Бірақ мәселе мынада – Солтүстік Корея АҚШ-қа сенбейді. Олар АҚШ қайтып шабуыл жасайды деп қорқады. Олар «шабуыл жасамайтынына кім кепіл бола алады» дейді. Солтүстік Корея ядролық қарудан бірден бас тартса, тамаша болушы еді. Бірақ техникалық тұрғыдан бұл мүмкін емес. Сондықтан әр тарап өзінің талаптарын қою керек. АҚШ кепілдік беру керек. Солтүстік Корея жай-жай бас тартқанын көрсету керек. Сонда бір нәтижеге келуіміз мүмкін. Ал, Қазақстан тәжірибесіне келер болсақ, Семейдегі ядролық қарусыздану тәжірибесін үйренгіміз келеді. Қазақстандықтар Солтүстік Кореяның ядролық полигонында болған жоқ. Дегенмен олардың полигоны ұқсас болуы мүмкін деп ойлаймыз», - деді ол.

Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Бүгінгі таңда ғаламдық қауіпсіздік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Сарапшылардың пікірінше, ядролық қаруы бар алпауыттар арасындағы қырғи-қабақ қарым-қатынас пен сенімсіздік соңы дағдарысқа ұласып отыр. Бұған «ядролық клубтың» кеңеюі де себеп. Өйткені кей елдер ядролық арсенал құруға талпынуда. Мұның жарқын көрінісі ретінде бүгінде дүниежүзілік БАҚ пен саясаткер, сарапшылардың назарын өзіне аудартқан Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жүзеге асыруын айтуға болады.

Осы тақырыптың өзектілігін есепке ала отырып, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты Оңтүстік Кореядағы ірі коммерциялық емес ұйым Корей қорымен бірлесе «Корей түбегін денуклеаризациялау. Жаһандық мәселелерді шешудегі Қазақстанның антиядролық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды.

ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жәнібек Арынов қазіргі уақытта әлемдік масштабда ядролық қарусыздану мәселесі ушығып бара жатқанын айтты. Ресей мен АҚШ-тың осы саладағы қатынасының кері қайтуы, Иран ядролық мәселесі және Корей түбегіндегі денуклеризациялауды талқылаудың маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі дөңгелек үстел Корей түбегіндегі денуклеризациялау бойынша ұйымдастырылып отыр. Қазір екінші сессия барысынды Қазақстанның ядроға қарсы тәжірибесі талқыланады. Қазіргі таңда ядролық қарусыздану – Оңтүстік Корея, жалпы әлемдік қауымдастық үшін өте маңызды тақырыптардың бірі. Неге? Себебі әлемде жаһандық мәселелер: ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесі ушығып отыр. Бірінші себептердің бірі – Ресей мен АҚШ-тың осы саладағы қарым-қатынасының кері қарай шегінуі; екінші мәселе – жаңа қару-жарақ жарысының өсу мүмкіндігі; үшінші мәселе – Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселенің ушығуын көріп отырмыз. Және бүгінгі талқыланатын Корей түбегіндегі денуклеризациялау мәселесінің ушығуы», - деді ол.

Қазақстандық сарапшы Оңтүстік Кореяның Қазақстан тәжірибесіне зер салғандағы негізгі тұстарға тоқталды.

«Осы мәселелердің барлығын жалпы алған кезде біз үшін және Корей тарапы үшін кездесудің маңызы зор. Не себепті? Бұл кездесуде екі тараптың сарапшылары өз пікірлерін ашық түрде бөлісуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Корей тарапы неге Қазақстанның тәжірибесіне жүгінбек десек? Өздеріңіз білесіздер, 90-жылдары Қазақстан ядролық қараудан бас тартқан негізгі мемлекет болды. Ядролық қаруды таратпау бойынша біздің мемлекет көптеген бағдарламаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Міне, Қазақстанның осы тәжірибесі Оңтүстік Корея үшін маңызды болып отыр. Сондықтан да Қазақстанның ядролық қаруды тарату тәжірибесін Корей түбегіндегі денуклеризациялау процесінде қолдануға мүмкін болса, соны қолдану қаншалық мүмкін. Мұны Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Корей қорының арасындағы алғашқы әріптестік екенін айта кеткен жөн. Бұдан әрі қарай да маңызды тақырыптар көтеріледі деп күтеміз. Келесі кездесу Сеулде өтуі мүмкін. Бірақ нақты шешілген жоқ. Қазақстан сарапшылары барған жағдайда осы тақырыпты талқылау жалғасады. Себебі бұл – бір күнде немесе екі сағатта шешілетін мәселе емес. Біз алып отырған тақырыптың аспектілері өте көп. Оны апталап немесе айлап талқылауға болады», - деді Жәнібек Арынов.

Ол бүгінгі жиын болашақта бірнеше мемлекеттің бірлесе талқылауына бастау болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Оңтүстік Корея мемлекеті қазір Корей Түбегін денуклеризациялау бойынша өте қарқынды жұмыс жасап жатыр. Негізгі мәселе – Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы. Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тарту бойынша жұмыс жасауда. Бұл олардың Қазақстанның тәжірибесін толық көшіріп алады немесе Солтүстік Корея бірден келісе салады, Қазақстанның жолымен жүреді деген мәселесе емес. Жалпы сарапшылар арасында осындай жұмыс жағдайында осылай талқыланады. Не үшін керек? Кез келген үлкен проблеманы шеші үшін осындай кіші-кіші кездесулер ұйымдастырылады. Сарапшылар талқылайды, пікір алмасады. Әр мемлекет сарапшылары саты-саты бойынша жылжиды. Сөйтіп болашақта тек екі елдің емес, алты мемлекеттің сарапшылары бас қосатын алаң болуы да мүмкін. Ол да – өте тиімді жағдай. Яғни, сарапшылар, жұмыс топтары, саясаткерлер, министрліктер деңгейінде, содан кейін президенттер кездесуі болып, мәселе шешілуі мүмкін», - деді ол.

Сарапшы «Қазақстан Солтүстік Кореяға қалай шығады» деген сұраққа жауап берді.

«Қазіргі таңда Солтүстік Корея тарапы тарихта болмаған ашық саясат танытып отыр. Қазіргі таңда Солтүстік Кореяда біздің дипломатиялық өкілдік жоқ. Десек те Оңтүстік Кореяға Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея тарапы арқылы ұсыныс тастау болашақта мүмкін. Қазір ол туралы айту ерте. Ол үшін алдын ала дайындалу керек. Бірақ болашақта талқылануы мүмкін. Жақында Корей Республикасының президенді Мун Же Ин сапарында екі елдің экономикалық қарым-қатынасы талқыланбақ. Бірақ дегенмен бүгінгі мәселені де ел президенттерді талқылауы мүмкін», - деді Арынов.

Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Корей қорының президенті Ли Сихён солтүстіккореялық денуклеаризция мәселесінің тез арада шешілуіне және Азия мен барша әлемде қауіпсіздік пен бейбітшіліктің терең тамыр жаюына өз әсерін тигізеріне сенетінін жеткізді.

«Біздің делегацияның барлық мүшесі Қазақстанның ядролық қарусыздану шешімін қабылдағанын және ол шешімді өмірге енгізу үшін қанша күш жұмсағанын, ғаламға жойғыш қаруларды таратпау режимін сақтауға зор үлес қосқанын ерекше ықыласпен бақылады. Онымен бірге, барша делегация мүшесі бұл мәселе бойынша Қазақстанның тәжірибесі Солтүстік Кореядағы денуклеаризация үдерісін жандандыратынына және осы оқиғадағы әр нақты қадамдардың сәтті шешілуіне үлгі болатынына үміттенеді. Бүгінгі шара солтүстіккореялық денуклеаризция мәселесінің тез арада шешілуіне және Азия мен барша әлемде қауіпсіздік пен бейбітшіліктің терең тамыр жаюына өз әсерін тигізеріне сенеміз. Сонымен бірге, бүгінгі дөңгелек үстел қос қор арасында көпжақты ынтымақтастықтың дамуының бастамасы боларына сенеміз», - деді ол.

Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Шарада сөз алған И.Рогов «адамзат ядролық жарыстың қырғын кеселін ұмыта қоймағанына қарамастан, бүгінгі таңда ғаламдық ядролық қауіпсіздік жүйесі жаңа қауіп-қатерлермен бетпе-бет келгенін» айтты.

Қазақстан мен Корея ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Дөңгелек үстел барысында Корей түбегін денуклеаризациялау мәселесіне үлкен назар аударылды. Баяндама жасаған сарапшылар 2018 жылы КХДР мен Корей Республикасы, сонымен қатар КХДР мен АҚШ арасында басталған келіссөздер үдерісін үзуі мүмкін негізгі кедергілерді атап өтті.

Бұған қоса шараға қатысушылар ядролық қаруды таратпау бойынша Қазақстанның бірегей бастамалары мен теңдессіз тәжірибелерін де тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған ӘЭСИ директоры бүгінде дүниежүзінің барлық елі осы күрмеуі қиын мәселенің оң шешімін тапқанын қалайтынын атап өтті.

«Қазақстан ядролық қарусыздану саласындағы өзінің мол тәжірибесі мен биік абыройын ескере отырып, Корей түбегін денуклеаризациялау мәселесі бойынша бұдан арғы пікір-таластар мен келіссөздер үшін өз алаңынан ұсына алады», - деді Ержан Салтыбаев.

Анықтама:

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясатының берік діңгегі – бейбітшілік пен келісім, ғаламдық қауіпсіздік идеясын кеңге жаю болатын.

Осы құнды идеяларды халықаралық деңгейде талқылау және оны тарату – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Шара мақсаты – ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылау, сонымен қатар, Корей түбегінде туындаған дағдарысты шешу жолдарын іздеу, ядролық қарусыздандырудағы Қазақстанның бірегей тәжірибесін зерттеу.

ҚР Тұңғыш Президент Қоры халықаралық бағдарламалар үйлестірушісі, дипломат Қайрат Әбусейітов өз сөзінде ядролық қарудан бас тартуда Қазақстанның бірінші болып қадам жасағанын баса атап өтті. Қазақстан Семейдегі ірі ядролық полигонды жауып, соңынан барлық ядролық сынақтарға қарсы мемлекеттік ұстанымдарын күллі әлемге таныты. Оған қоса, біздің ел «P5+1» үлгісіндегі келіссөздер алаңын ұсыну арқылы Иран ядролық бағдарламасын реттеу үдерісіне зор үлес қосты. Ядролық қаруды таратпаудағы маңызды шаралардың біріне біздің елімізде құрылған МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін жатқызуға болады. Қазақстанның Орталық Азиядағы ядролық қарудан еркін аймақ құру тәжірибесі бірегей идея ретінде әлемнен өз бағасын алуда.

Шараға қатысушылар екі ел сарапшылары арасында осы тектес кездесулерді жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты. Мұндай шараларға КХДР ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерге қатысатын маңызды елдердің, атап айтсақ, ҚХР, АҚШ, РФ және Жапонияның сарапшылары да қатыса алады.

 

Өзгелердің жаңалығы