Бас жаңалықтар
QAZAQSTAN: «Екі жұлдыз» жобасы қайтадан эфирге шығады Серіктестік материал
17 Қыркүйек 2019, 17:15 4270

QAZAQSTAN: «Екі жұлдыз» жобасы қайтадан эфирге шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 қыркүйектен бастап «Qazaqstan» ұлттық арнасынан «Екі жұлдыз» жобасы эфирге шығады.

«Екі жұлдыз» шоуы – танымал әншілер мен өзге саланың майталмандары ән айтып қана қоймай, ең мықты жұп ретінде жеңіске жетуге талпынатын теңдессіз жоба. Қатысушылар арасында белгілі спортшылар, кино және театр актерлері, депутат, ұстаз, айтыскер ақын, кәсіпкер мен тележүргізушілер бар.

Көрермен жобадан актер, ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова, айтыскер ақын Дидар Қамиев, тележүргізушілер Әйкерім Есенәлі, Қарагөз Сүлейменова, кәсіпкер Ларион Лян, боксшы, Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, таэквондошы Севда Алиева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сергей Воронцов, театр және кино актерлері Қайрат Әділгерей, Мереке Қалбаева, Гүлбахрам Ахат, Дәурен Айдарқұлов, Тәуекел Мүсілім, Дариға Бадықова және Берік Тұрсынбековтың сахнадағы сан қилы өнеріне куә болады.

Олармен жұптасып бәсекеге түсетін эстрада жұлдыздарының қатарында Ұшқын Жамалбек, Ақбота Керімбекова, Ақбота Нұр, Жігер Ауыпбаев, Қуандық Рахым, Нұрболат Абдуллин, Серік Ибрагимов, Зарина Алтынбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Иманбаева, Салтанат Бақаева, Ғазизхан Шекербеков, Жеңіс Ысқақова, Балжан Бидаш пен Әmre есімімен таныс жас әнші Ернар Садырбаев бар.

Әр кезең түрлі тақырыптарға бөлінген - ұлттық музыкадағы айрықша тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әндері мен қазақ эстрадасының аңызы «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндері «Екі жұлдыз» сахнасында шырқалатын болады.

Қатысушылардың өнері үш адамнан құралған қазылар алқасының және залда отырған көрерменнің арнайы мобильді қосымша арқылы берген дауыс санымен бағаланады. Қазылар алқасы мен көрерменнің дауысы 50/50% құқыққа ие. Әр бағдарлама сайын ең аз қолдауға ие болған 1 жұп жобамен қош айтысады. Қазылар алқасының тұрақты мүшесі - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова.

Бағдарлама 21 қыркүйектен бастап әр сенбі сайын 21:00-де көрсетіледі. Музыкалық бағдарламаның жүргізушілері - Гүлнұр Оразымбетова, Ғалымжан Кеңшілік және Нұрбигүл Егізова.



Фото: дереккөз
Загрузка...