Қазақстан-Беларусь ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерді талқылады

15 Қазан 2019, 10:26
1547
Бөлісу:
Қазақстан-Беларусь ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерді талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Беларусь қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары кеңейтілген жоспарлы консультациялар өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Минск қаласында Қазақстан және Беларусь қауіпсіздік кеңестері аппараттарының арасындағы кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті.

Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов және Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Станислав Зась төрағалық еткен келіссөздер барысында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

"Тараптар әлем және өңірлік қауіпсіздіктің қазіргі ахуалы бойынша пікірлерін білдірді. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бүгінгі қауіп-қатерлер жан-жақты қозғалды. Тараптар осы саладағы тәжірибелерімен бөлісті", - делінген хабарламада.

Екі мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әріптестіктің тиімділігін арттыру бойынша бірлескен ұсыныстар пысықталды.

Сонымен қатар, қонсультациялар барысында қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері және әскери-техникалық екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективалық бағыттары қаралды

Бұдан басқа, 2020 жылы қаңтар айынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы лауазымына С.Засьтың кірісуіне байланысты Беларусь Республикасының төрағалығы шеңберінде осы халықаралық ұйымының басым бағыттары сөз болды.

Жұмыс нәтижелері бойынша екі елдің мемлекеттік органдарына нақты тапсырмалар берілді.

Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасындағы консультациялар қабылданған ынтымақтастық жоспарына сәйкес тұрақты негізінде жалғаса бермек.
Өзгелердің жаңалығы