Бас жаңалықтар
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Нұр-Сұлтан атауын қолдады
25 Наурыз 2019, 15:17 320

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Нұр-Сұлтан атауын қолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауға қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өткізілді. 

Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін Коалиция мүшелері ел тарихындағы ең маңызды әрі аса жауапты бұл шешімнің мәніне тоқталып, оның әрі қарай дамуымызға тигізер әсері жайында сөз қозғады.

Отырыс тізгінін қолға алған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының Қазақстанды Кеңес Одағының артта қалған республикаларының бірінен заманауи, дамыған, бүкіл әлем білетін алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырғанын айтты. 

Оның айтуынша, Елбасымыздың экономикалық, саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағдарламасы Қазақстанның жан-жақты дамуын қамтамасыз етті.

«Халықтың әл-ауқатының еселеп өсуі де Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің басты жетістіктерінің бірі. Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастар мен көп балалы отбасыларды қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға көңіл бөліп, басты назарда ұстап келді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда бүкіл әлем елімізді бітімгершілік бастамалары арқылы да өте жақсы танитынын және астанамыздың ең өзекті жаһандық мәселелерді талқылап, оң шешім шығаратын халықаралық орталыққа айналғанына назар аударды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тарихында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде мәңгі қалады. Сол себепті, қазіргідей тарихи кезеңде қазақстандық қоғам бірлікті ту етіп, Елбасының стратегиялық саясатының аясында әрі қарай бірігуі тиіс және қоғамымыз Тұңғыш Президентіміз анықтап берген жолмен жүріп, өзінің біртұтастығын көрсетуі қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының ерік-жігері мен табандылығының арқасында тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан Қазақстанның барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сондықтан Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта да Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде елдің стратегиялық дамуына айрықша ықпал ететін ұлы тұлға болып қалатынын, оның өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімі де заңға сәйкес екенін айтты.

«Бұл игі іс ішкі тұрақтылықты нығайтып, Қазақстанның халықаралық абырой-беделін арттыра түседі. Елбасының бұл тарихи шешімі болашақ саясаткерлерге үлкен үлгі-өнеге екені сөзсіз. Осылайша Қазақ елі заманауи, құқықтық және демократиялық мемлекет құру жолында аса маңызды қадам жасады», – деген Мәулен Әшімбаев осындай сәтте барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, бірлік пен тұрақтылықтың жарқын үлгісін көрсету керектігін айтты.

Сондай-ақ астанамызға Елбасы есімін беру еліміздің даму жолында Тұңғыш Президент саясатының одан әрі жалғасатынын көрсететін маңызды шара екенін айтқан Мәулен Әшімбаев осылайша қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаудағы және оның астанасын салудағы ерен еңбегіне құрмет көрсетіп отырғанын жеткізді.

Одан бөлек, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ел дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи шешімді барлық негізгі саяси партиялар мен қоғамдық күштер қолдап отырғанын, оған демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бүгінгі отырысы дәлел екенін тілге тиек етті.

Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында Коалиция мүшелері елордамызға Елбасы есімін беру туралы өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Халық Қаһарманы, «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұхтар Алтынбаев, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым және «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл сөз алып, Елбасы есімінің елордамызға берілуі ел дамуының жаңа кезеңін анықтайтын аса маңызды қадам екенін айтты.

Іс-шара соңында барша қазақстандықтарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына сөзбен де, іспен де толық қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға, астанамыздың атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға шақырған Үндеу қабылданды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президентіміздің есімін елордамызға берудің маңызы зор екенін айтқан болатын.
Ержан ЖАУБАЙ

Сізден жаңалық