Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады

16 Сәуір 2019, 11:24
3315
Бөлісу:
Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 15,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.

«2018 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 15,7 млрд долларды құрады және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға (2017 жылы 15,6 млрд АҚШ доллар) артты. Химия өнеркәсібі – 2,6% (тыңайтқыштар, сары фосфор, полимерлер), минералды өнімдер – 14,6% (мұнай өнімдері, кокс және тас көмірден жартылай кокс, мұнай битумы), машина жасау – 11%, азық-түлік өнімдері 7,6% өсті», - деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады.

«Бүгінде Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары – ферроқорытпа, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар (шикізаттық емес экспорттың 51%-ын металлургия құрайды). 2018 жылы дайын өнімнің экспорты 16%-ға (485 млн АҚШ доллары) артты. Сонымен бірге, өңделген өнімдер экспортында дайын өнімдер экспортының үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 пайыздық тармаққа өсіп, 23%-ды құрады», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, биыл шикізаттық емес экспорттың өсуін келесі факторлармен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Бірінші, индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы іске қосылып, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер 458 млн АҚШ долларының экспорттық әлеуетіне ие. Шығарылатын өнімнің 50%-ы экспортқа бағытталған. Екінші экспортқа бағытталған жобаларды 500 млрд теңге қаржымен қолдау экспорттың өсуіне оң ықпал етеді», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шикізаттық емес экспортты дамыту және ұлттық экспорттың стратегиясын іске асыру бойынша баяндама жасады. Оның сөзінше, экспорттың өсуі мұнай бағасымен байланысты.

Өзгелердің жаңалығы