Қызылордада қайырымдылық концерті өтті

13 Наурыз 2019, 09:38
3419
Бөлісу:
Қызылордада қайырымдылық концерті өтті
PHOTO

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласындағы мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен қайырымдылық концерті өтті. Ән кешінен түскен қаржы көз жанары зақымданған баланың еміне жұмсалады.

10 жастағы Нартай Болатбек туғаннан көз ауруына шалдыққан. Баласының сырқаты анасының жанына қатты батады. Сәл де болса көңілін көтеру үшін Нартайды «Біз өмірге құштармыз» атты концертке әкелді.

Қызылордада қайырымдылық концерті өтті

«Бұл бала 2010 жылдан бері ауырады. Бір көзі мүлде көрмейді. Тағы туабітті бір ауруы бар. Мен баламды 9 жыл бойы екі ай сайын Алматыға емдік шаралар жасату үшін апарамын. Қазақстан бойынша осы балаға бір дәрігер қарайды. Өкінішке қарай, балақайдың еміне қаражаттың тапшылығы қол байлау болып тұр. Енді қаншама адам концерт қойып, өнерін көрсетіп жатыр. Концерт бізге күшті үміт сыйлады. Рахмет айтамын», – дейді көп балалы ана Назерке Қадірова.

Нартайдың тез сауығып кетуіне тілектес жандар қайырымдылық концертке барынша үлес қосты. Сахна төрінде өнер көрсетуге ниет білдіргендердің көбі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар ән айтты, би де биледі. Тағдыр тауқыметіне мойымаған ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов, «Самғау» жастар сыйлығының иегері Сағатбек Қуанышбайұлы, жыршы, термеші Жауһар Сәрсенбаева көрермен көңілін көтерді. Байқоңыр қаласынан арнайы биші қыздар да келді.

«Қалалық мүгедектер қоғамының жанынан өнерпаздар тобы құрылған болатын. Сол топ осы концертті ұйымдастырып жатыр. Яғни, өнерпаздар тобы өнерлерін көрсете отырып, өздерін керек-жарақпен қамтуды мұрат етуде», – дейді мүгедектер қоғамының төрағасы Сәкен Алдашбаев.

Қайырымдылық шарадан түскен қаражаттың бір бөлігі көпбалалы ана Назерке Қадіроваға беріледі. Қалған бөлігі басқа да мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-домына жұмсалады.

Өзгелердің жаңалығы