Қайсар Тұрсынғожа: Қазіргі уақыт құндылықтар жүйесін қайта қарауға берілген мүмкіндік секілді

7 Сәуір 2020, 21:29
2886
Бөлісу:
Қайсар Тұрсынғожа: Қазіргі уақыт құндылықтар жүйесін қайта қарауға берілген мүмкіндік секілді
EX
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, білім алу жүйесі қашықтан оқыту режиміне көшті.

IV тоқсанды қашықтан оқыту басталып та кетті. Осы орайда онлайн білім жүйелерінің бірі “Budbeed” жобасының менеджері Қайсар Тұрсынғожаны әңгімеге тартқан едік.

— Қайсар, әңгімені Budbeed жобасынан бастасақ. Жобаның маңызы қандай?

Budbeed — заманауи білім беруге негізделген жоба. Қолға алынғанына екі жылдан асты. Жобаның негізгі авторы — ұзақ уақыт бойы Қазақстанда қызмет етіп жүрген Үндістан азаматы Маниш Вахи (Manish Wahie) мырза. Ол кісімен кездесіп, жобаның негізгі философиясымен танысқан соң, осы жобаға қосылып, команда жасақтай бастадық. Содан бері жобаның ауқымы кеңейіп, үздік ІТ-инженерлердің, профессорлардың, ғалымдар мен цифрлық білім беру саласы бойынша әлемдегі жетекші мамандардың басын қосып, CNN, BBC, Rosen Publishing, Sterling Pixels сияқты жаһандық медиа-корпорациялармен байланыс орнаттық.

Ең бастысы, біз білім саласындағы бәсекелестікке емес, серіктестікке, достыққа қол созамыз. Әрине, ұлттың салт-санасына сай білім берудің маңызы зор, десек те білім мен ғылым — адамзатқа ортақ құндылық. Жобамыздың өзегі де осы.

Жобаның маңызына келер болсақ, ол заман талабына сай деп айтуға негіз бар. Қазір - күнделікті өзгерістер, үздіксіз даму мен шексіз мүмкіндіктер заманы. Біз де ғасыр көшінен қалмай, әр оқушының өз қызығушылығы мен бейіміне сай “өмірдегі кетігін тауып, кірпіш болып қаланса екен” дейміз. Мысал ретінде айта кетейін, туысқандарым “Баламыз мектеп бітіріп жатыр, қазір қай оқу жақсы, қайсы мамандыққа түсуге кеңес бересің?” деп сұрап жатады. Әр баланың қабілеті, белгілі бір мамандыққа деген икемі әртүрлі болады ғой. Budbeed-те соны анықтауға көмектескіміз келеді.

— Жобаның қазақтілді нұсқасын әзірлеу идеясы қалай туды? Қандай жұмыстар жасалды?

— Алаш арыстарымыз айтқандай, “Кез келген ғылым мен білім балаға өз ұлтының тілінде берілуі керек”. Біздің де ұстаным осы. Сондай-ақ, елімізде үштілді білім беру бағдарламасы қолға алынып жатыр. “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген тағы бар. Біздегі контент те үш тілде. Ана тілінде білім алып, қосымша шет тілін үйренуге мүмкіндік бар.

Қазір білімге құштар, көкірегі ояу, жаңалыққа жаны құмар жастар жоқ емес. Бастысы өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар беру, тексерілген, сенімді ақпаратты ұсыну. Осы мақсатта біз қазақ аудиториясына да әлем ғылымын түсінікті, әрі өмірден алынған мысалдар негізінде жеткізуді көздедік.

Әрине, шет тілдегі контентті қазақ тіліне аудару барысында біраз қиындықтар болды. Ғылыми түсініктер мен терминдерді қазақшалау мәселесі әлі толық жолға қойылмағаны белгілі. Десек те, тікелей аудармаға ұрынбай, негізгі мазмұнды барынша жеткізуге тырыстық. “Көш жүре түзеледі”. Болашақта дарынды, еңбекқор, жанашыр жастардың арқасында бұл мәселелер шешімін таба жатар.

— Командада қанша адам бар? Олар немен айналысады?

— Командамыз үлкен деуге келе қоймас. Жобаның қажеттігін ұғынып, қолдау көрсетіп жүрген инвесторларға алғысымыз шексіз. Жалпы алғанда, команданың негізгі құрамы білім мен ғылымға құштар, еліне қызмет еткісі келетін аудармашылар, ғылыми және тілдік редакторлар, дыбыс және видео-монтажға жауапты адамдар, IT мамандардан тұрады. Бәріміздің илеп жатқанымыз — бір терінің пұшпағы.

— Оқу форматы қандай мақсатты көздейді? Оның ерекшелігі неде? Онлайн білім офлайндағы, яғни мектеп бағдарламасындағы білімді алмастыра ала ма?

— Біздің мақсатымыз – мектеп бағдарламасын толық алмастыру емес, оқушыға да, оқытушыға да қажетті құрал-жабдық пен сапалы контентті ұсыну. Қазіргі балалардың талабы жоғары және олар цифрлық білімге дайын. Budbeed порталы жасанды интеллект арқылы әрбір оқушының білім деңгейіне сай қосымша оқу материалдарын ұсынып отырады. Бұл — басты ерекшелік.

Әлемдік тенденция – өмір бойы оқу [lifelong learning] бағытында. Ол оқу орны беретін біліммен ғана шектелмейді. Меніңше, офлайн білімге деген сұраныс жоғала қоймас, ал онлайн білімнің дами түсуі тек уақыт еншісінде.

— Жобаның біздің елде жүзеге асуы қазақстандық ата-аналар ақылы контентті сатып алуға дайын деген сөз бе? Мұны айтып отырған себебім, біздің “реалимызды” алсақ, көптеген ата-ана бұған дайын еместей көрінеді

— Мен соған сенгім келеді. Иә, қазір жалпы алғанда көпшіліктің қалтасы қосымша шығынды көтере алмайтын деңгейде екені – шындық. Бірақ қоғамда қосымша білімге деген сұраныс та жоғары. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін: ата-аналардың мектептегі білімге көңілі толмауы, тез өзгеріп жатқан әлемдегі баларының болашағына алаңдау т.с.с.

Білімге салынған инвестиция ең ұтымдысы деп білемін. Әрине ол ата-ананың тәрбиесі, қадағалауы мен баланың санасы сияқты бірнеше факторға байланысты. Мысалы, әкем мен анам ауылдағы жақсы қызметтерін тастап, Алматыға көшкен кезде, бастапқыда жұмысқа тұру, үш баланы асырау қиын болғанын қазір жақсы түсінемін. Бірақ олар бізге кітап, не оқуға керек дүниелерді алуға ешқашан шектеу қоймайтын. Қазіргі ата-аналардың да, соңымнан ерген буынның да мектеп кезінен бастап жақсы оқудың маңызын түсінгенін қалаймын.

— Жоба мұғалімдерге не береді?

— Жоба мұғалімдерге сабағын мазмұнды, әрі қызықты етуге көмектеседі. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқытушылармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Жоғарыда атап өткендей, ең бастысы - мұғалім оқыту барысында жасанды интеллекттің көмегіне жүгіне алады.

— Сіздіңше, қазіргі мемлекеттік білім беру жүйесіне қандай өзгеріс керек?

— Меніңше, білім беру жүйесін үлкен 4 топқа бөліп, жеке-жеке қарастырған жөн сияқты. Біріншісі – балабақша және мектеп. Екіншісі – кәсіби білім беру, яғни колледж. Үшіншісі – университет. Төртіншісі – ғылыми институттар мен ғалымдарға арналған гранттар. Әр топтың спецификасы, шешуді қажет ететін мәселелері мен енгізілуі қажет өзгерістері де әртүрлі. Білім министрлігінде осындай жекелеген салалар аясында әр саланың кәсіби, білікті мамандары қажет реформаларды жасауға атсалысып, жалпы даму векторын министрліктің ортақ, бірлескен жиындарында нақтылап отырса алға ілгерілеу болады деп ойлаймын.

Біздің жоба және бүгінгі сұхбат жалпы мектептегі білім жүйесіне қатысты болғандықтан, соған тоқталайық.

Мектептегі ең негізгі, маңызды екі субъект – оқушы және оқытушы. Екеуінен де “лабораториялық тышқан” жасаудың керегі жоқ. Содан соң әрбір жаңа “реформатор” өзіне дейінгі өзгерістердің тиімді-тиімсіз тұстарына қарамастан, білім жүйесін түбегейлі өзгерткісі келетінін құптамаймын. Қағазбастылық жойылып, мұғалімдерге шығармашылық еркіндік берілсе, олар қосымша іздену арқасында оқушыларға өз пәнін ғана емес, жалпы концепцияны әр қырынан түсіндіріп, пәнаралық байланыстарды көрсетіп, баланы қызықтырып қана қоймай, олардың таным көкжиегін кеңейтіп отырса білім деңгейіміз әлдеқайда жақсарар еді деп ойлаймын.

— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

— Біздің жоба әлі жас, алар асуы, шығар шыңы алда деп білеміз. Бірақ былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әлемнің мықты ғалымдары мен ғылым сарапшылары төрелік ететін Халықаралық EDTECH жарысының финалында үздік үштікке енді. Бастапқы жобалардың 1 пайыздан аз мөлшері ғана финалға шығатынын ескерсек, бұл нәтиже бізге үлкен қуаныш сыйлап, әрі үлкен жауапкершілік артты. Сондай-ақ Budbeed-тің мобильді қосымшасы Best Mobile App Award 2019 сыйлығын алды, ал Пенсильвания Университетінің Reimagine Global Award сыйлығы біздің платформаны әлемдегі инновациялық, жаңашыл үздік бес жобаның бірі деп бағалады.      

Жобаға қосымша инвестициялар тартып, шет елдердегі нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Үздіксіз даму үшін, контенттің саны мен сапасын да арттыра беру үшін бізге қолданушылар мен олардың пікір-ұсыныстары қажет. Иә, әлі де шикілеу тұстары кездесіп жатуы мүмкін. Сынайық, түзейік, бірақ немқұрайды қарамайықшы дегім келеді.

Ең бастысы – сенім. Жоспар көп, бастысы мақсатымыз айқын. Ендігі кезекте бізге артылған сенімді абыроймен ақтап, көзделген мақсатқа ұмтылуға күш саламыз.

— Қазіргі әлемдік жағдайды ескерсек, жобаны дамытудың жақсы мүмкіндігі туып тұрған секілді?

— Қазіргі жағдайда адамдардың қызығушылығы мен онлайн білім беру платформаларын қолдануға деген сұраныс артып жатыр. Еліміздегі басқа да жобалар сияқты біз де шетелдік әріптестермен келісе отырып, осындай қиын жағдайда ресурстарымызды тегін пайдалуға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл тек біз үшін ғана емес, жалпы білім саласындағы, онлайн-бизнестегі компаниялар үшін, тіпті бүкіл ел үшін ойлануға, құндылықтар жүйесін қайта қарастыруға беріліп тұрған үлкен мүмкіндік деп есептейміз.

— Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы