Бас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы министрі арзан етті қайдан сатып алатынын айтты
24 Мамыр 2019, 15:45 507

Ауыл шаруашылығы министрі арзан етті қайдан сатып алатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтан парламенттік тыңдаудан кейін журналистер етті қайдан сатып алатынын сұрады. Ол коммуналды базардан алатынын айтып, нарықтағы ет бағасы қолжетімді ме деген сұраққа жауап берді.

«Еттің бағасы қымбат деп айтып жатқан пікірлердің бәрін тыңдадық. Қазір біз талдаймыз. Еттің бағасы көп нәрседен тұрады. Мысалы, мал азығы. Ол азықты алу үшін техникамен жинау керек. Бәрі өсіп жатыр. Соның бәрі еттің кейінгі бағасының қымбаттауына әкеледі. Елдегі мал санын өзгертіп, мал өндірушілер арасында бәсекелестікті арттырар болсақ, сол кезде еттің бағасы төмендейді деп ойлаймын. Одан басқа да көптеген шешуді қажет ететін сұрақтар бар. Ет өндірушімен ет сататын базарлар арасындағы делдалдардың көптігі мәселесін де шешу керек. Содан кейін етті, негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын үлкен дүкендерде өзіміз шығарып жатқан өнімге кейде орын жетпейді. Жетсе де, қымбат болады. Осы сұрақтардың бәрін шешкенде еттің бағасы төмендейді деп ойлаймын», - деп жауап берді министр.

Журналистер Омаровтан етке қанша ақша жұмсайтынын сұрады. 

«Өзім тауықтың етін көбірек жеймін. Тауықтың еті қанша дегенмен басқасына қарағанда жеңілдеу. Кейде сағынғанда жылқының етін, не сиырдың етін жеймін. Етсіз тамақ іше аламын. Етті көп жемеймін, шынымды айтсам», - деді ведомство басшысы.

Ол етті елордадағы «Шапағат» базарынан 1500 теңгеге алатынын жеткізді. Бірақ журналистердің бірі сол жерден 1800 теңгеге алғанын айтты.

«Білмеймін. Ендеше олар мені танитын шығар. Әр жексенбі «Шапағаттан» 1500 теңгеге аламын. Қымбаттау болған жоқ. Әр тауардың бағасы оның сапасына байланысты. Мен өзіме ұнайтын жақсы етті сатып аламын. Мүмкін, сіздердің қажеттіліктеріңізге орай жоғары сапалы етті алатын шығарсыздар. Сол кезде 1800 алуға болады. Мен 1500 аламын», - деді Омаров.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық