Бас жаңалықтар
Биыл Түркістанда да қауын-қарбыз бағасы аспандап тұр
PHOTO
28 Тамыз 2020, 13:29 1358

Биыл Түркістанда да қауын-қарбыз бағасы аспандап тұр

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жеміс-жидек пен азық-түлік арзан деп саналатын жылы аймақ Түркістан облысының өзінде қауын-қарбыздың бір данасы 500-1000 теңге аралығынан түспей тұр.

Жалпы, бақша өнімдері оңтүстік өңірінде мақтадан кейін экспортқа шығарылатын екінші өнім. Десе де, тышқан жыл жергілікті жұртшылықты қауын-қарбызымен аса қатты қуанта қоймаған сыңайлы.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл аймақта бақша дақылдары 62,0 мың гектер жерге егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға артық. 2019 жылы 61,5 мың гектар болған екен. Бұл республикадағы бақша дақылдары егістігінің 61% құрайды.

Басқарма мамандарының айтуынша, Түркістан облысында өндірілген бақша өнімі жергілікті халықтың қажеттілігінен 34,4 есе, ал республика халқынан 3,2 есеге артық өндіріледі.

Бүгінде 1390,4 мың тонна яғни 95% өнім жиналып, ішкі сұраныстан артық көлемдері Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен солтүстік облыстарға жөнелтілсе, 65,7 мың тоннасы Ресей, Белоруссия, Латвия елдеріне экспортталды. Алдын ала болжам бойынша 1457,0 мың тонна бақша өнімін жинау жоспарланып отыр. Бақша еккен 7500 агроқұрылым пісу мерзіміне қарай, 1 гектардан орташа алғашқы кезеңде 2 миллион теңгеге дейін табыс тапты. Қазіргі таңда 600 мың теңге төңірегінде табыс алынуда, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Ақтөре Түймебек.

Алайда, маман өзі берген мәліметтің ішінен тап басып, бақша өнімдерінің қаншасы қауын-қарбызға тиесілі екенін айтып бере алмайтынын жеткізді.

a05d288c-5d57-43e7-ad25-eb1a50ff11f0.jpg

Сонымен, облыста қауын-қарбызды көп өндіретін аудан орталықтарына келсек, биыл Келес ауданы бойынша 582 гектар жерге қауын өнімі егіліп, оның ішінде бүгінге дейін 568 гектар жерден 17040 тонна өнім жинап алыныпты. Бұдан бөлек, 1304,4 гектар жерге қарбыз егіліп, оның ішінде 1290 гектар жерден 45150 тонна өнім жиналған. Бағасы шамамен 500-1000 теңге аралығында.

Ал Мақтаарал ауданында қауын-қарбыз саудасы әдеттегідей қызып жатыр. Ауданның диқандары 9277 гектар жерге қауын ексе, 831 гектар жерге қарбыз еккен. Қазірге дейін жалпы 297 559 тонна қауын-қарбыз өнім алынды. Оның ішінде 236 010 тоннасы қауын, 61 549 тоннасын қарбыз құрайды. Осы өнімнің 14 878 тоннасы еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етуге жіберілсе, қалған өнімдердің барлығы шетелге экспортқа жіберілуде.

Атап айтқанда, Балтық жағалауы, ТМД, Грекия, Германия, Түркия сынды мемлекеттерге тәулігіне 200-300-дей жүк көлігімен қауын-қарбыздар жөнелтіліп жатыр. Сонымен қатар, ауданда ұзақмерзімді сақтауға жететін қауынның түрлері де шетелге шығарылады. Мәселен, «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты жасап шығарған «Валеть», «Жиенбет» секілді қауынның сорттары ұзақ уақытқа жарамды. Сондай-ақ, шағын ғана қауынның 6-7 данасы бір қорапқа сыйып кетеді.

30d69aa7-ba9d-4041-a634-4d6bd5c4ec5e.jpg

Аудан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ал Сарыағаш – бақша дақылдарын егуге қолайлы климаттық аудандардың бірі. Осы жылы ауданда бақша өнімдері жалпы 1200 гектарға егілді. Оның ішінде, қауын – 530 гектар, қарбыз – 625 гектар жерге орналастырылды. Егілген дәнді дақылдардан қазіргі таңда жиналған өнім көлемі 28345 тонна, оның ішінде қауын – 12720 тонна, қарбыз – 15625 тонна. Жиналған бақша өнімдерінің 8504 тоннасы көршілес Ресей мемлекетіне экспортталыпты.

61909a18-e4ca-4312-a94e-e5a7dd673d83.jpg

Арыс қаласы бойынша 2020 жылы 4060 гектар жерге қауын-қарбыз егілді. Бүгінге дейін өндірілген өнім көлемі – 67 мың тоннаны құрайды. Сыртқа шет елге (Ресейге) 750 тонна қарбыз, 100 тонна қауын артылған. Қалған 66150 тоннасы Шымкент, Арыс, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларына жөнелтілген. Күзде әлі де 8000 тонна қауын-қарбыз өндіріледі деп күтіп отыр.

Қысқасы, бақша өнімдерін өндіру жұмыстары Түркістан облысында қызу жалғасын табуда.


Фото: дереккөз
Загрузка...