Қасым-Жомарт Тоқаев: Отандастарымды мақтан тұтамын

7 Қаңтар 2022, 15:15
1359
Бөлісу:
Қасым-Жомарт Тоқаев: Отандастарымды мақтан тұтамын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты халыққа үндеуі кезінде қазақстандықтарды мақтан тұтатынын айтты.

Қадірлі отандастарым, мен сіздерді мақтан тұтамын. Осы күндері сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған Қазақстан азаматтарына алғыс білдіремін. Арандату пен деструктивті ұрандарға қарамастан заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар. Ірі қалалардағы студенттерге, еңбек ұжымдарының мүшелеріне, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының жұмысшыларына азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев наразылықтың бейбіт тәртібін сақтағаны үшін өңір тұрғындарына ризашылығымды айтты.

Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз. Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Сондықтан жағдай тұрақталған өңірлерде біртіндеп төтенше жағдай режимін аламыз. Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде.

Тоқаев халыққа зор денсаулық, құт-береке тілеп, үндеуін аяқтады.

Өзгелердің жаңалығы