ШҚО-да қашықтан қызмет көрсететін бірнеше ақпараттық жүйе іске қосылмақ

29 Мамыр 2019, 08:35
2093
Бөлісу:
ШҚО-да қашықтан қызмет көрсететін бірнеше ақпараттық жүйе іске қосылмақ
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде медицина, ауылшаруашылығы және жер кадастры салаларын мониторингтап, қашықтықтан қызмет көрсететін бірнеше ақпараттық жүйе іске қосылмақ. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы хабарлады.

«Бүгінде облыстық аурухана базасында пациенттердің жағдайын талдап, медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсететін «Сенімді дәрігер» ақпараттық жүйесі іске қосылып қойған. Қазіргі уақытта қажетті смарт фитнес трекер, смарт сағат, смарт танометр, смарт таразы сияқты құрылғылар сатып алынды. Құрылғыларды тәжірибеде қолдану жұмыстары осы жылдың 1 мамырынан басталып кетті. Сондай-ақ өңірімізде «Смарт Агро» ақпараттық жүйесін де іске қосу көзделіп отыр. Аталмыш ақпараттық жүйе ауыл шаруашылығы жануарлары мен техникаларын мемлекеттік есепке алу саласында ақпаратты автоматты түрде жинау, талдау, өңдеу, актуалдау, сақтау сияқты жұмыстарды жүзеге асырады. Қазіргі уақытта жүйенің дизайны жасалып, «Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау» және «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету» ақпараттық жүйелерімен кіріктіріліп, бағдарламаның тестік нұсқасы тексерілді», - деді Жанна Қабдолдақызы.

ШҚО-да қашықтан қызмет көрсететін бірнеше ақпараттық жүйе іске қосылмақ

Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл жобаның толық жұмыс істей бастауы 2019 жылдың тамыз айына жоспарланған. Бұдан бөлек, «Елді мекендердегі жер учаскелерінің кадастрлық бағасын онлайн бағалау» ақпараттық жүйесі маусым айынан бастап іске қосылмақ.

«Қазіргі уақытта аталған жүйе Өскемен және Семей қалаларындағы жер учаскелері мен инженерлік коммуникациялардың электронды картасымен кіріктірілуде. Тағы бір электронды жүйе - «Электронды жер орналастыру жобасы». Бүгінде жоба бойынша картографиялық материал жинақталып, талданды. Ақпараттық жүйе 2019 жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Біз бұл ақпараттық жүйелерді өзіміздің «Шығыс Адалдық алаңы» жобасы аясында қоғам назарына ұсынып, кемшін тұстарын анықтайтын боламыз.Өйткені кез-келген ақпараттық жүйенің кемшіліктері қолдану барысында анықталып жатады. Сондықтан оны алдын-ала көпшілік назарына ұсынып, талқылап алған жөн», - деп қосты департамент басшысы.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы егістік жерлердің толықтай цифрландырылып, жайылымдар мен шабындықтар туралы деректердің электрондық базаға енгізіліп жатқаны жайында хабарлаған болатынбыз. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында өткен жылдан бері облыста «Digital East» (Цифрлы Шығыс) кешенді жобасы іске асырылуда.

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында облыстағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің сандық базасы жасалып, minagro.kz веб-порталында алқаптардың электрондық картасы жасақталды. Кәсіпкерлерге арнап Өскемен және Семей қалаларында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылған бос жер телімдерінің электронды картасы жасалды. 2019 жылы мұндай картаның Риддер, Аягөз, Шемонаиха, Серебрянск, Зайсан және Алтай сияқты алты қалада жасалуы жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы