Қашықтан оқыту. Екі аптада 700-ден астам бейнесабақ өтті

17 Сәуір 2020, 16:37
2000
Бөлісу:
Қашықтан оқыту. Екі аптада 700-ден астам бейнесабақ өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай кезіндегі қашықтан оқыту жүйесінің екінші аптасы өз мәресіне жетті. Екі аптаның ішінде теледидар арқылы оқушыларға 700-ден астам бейне сабақ көрсетілді.

Бұл жайында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова онлайн брифинг барысында атап өтті. 

Барлық мектепте қашықтан оқудың екінші оқу аптасы аяқталды. Екінші аптаның қорытындысы бойынша, біз барлық мектепте жұмыстың қалыпты жағдайда жүргізіліп жатқандығын көріп отырмыз. Өздеріңізге ертеректе айтқандай, қашықтан оқытудың бірнеше форматы ұсынылды. Қазір осы аптаның ішіндегі деректерге қарайтын болсақ, 2,4 млн оқушы мен мұғалім қазіргі күні интернет платформаларды пайдаланып, жұмыс істеп отыр, - деді вице-министр. 

Сонымен қатар, қашықтан оқыту кезінде ұсынылған платформалардағы жұмыстардың қорытындысымен бөлісті. 

Электрондық журналдардың жүйесінде, оның ішінде ең үлкені kundelik.kz жүйесінде оқушылар мен мұғалімдердің белсенділігі байқалады. Одан басқа Balapan және Ел арна телеарналарында жүріп жатқан сабақтарды 800 мыңнан артық оқушы пайдалануда. Мұғалімдердің кері байланыстары да қолда бар қолжетімді құралдар арқылы, яғни, түрлі мессенджерлер арқылы жүргізіліп отыр, - деді спикер.  
Шолпан Қаринова штаттық режимде оқып жатқан мектептер де бар екендігін атап өтті. Бүгінгі күні олардың саны 433-ке жеткен. 25 мыңнан аса оқушы күнделікті штаттық кестеде сабақ оқуда. Осы орайда, пошта байланысы арқылы оқып жатқан оқушылар саны 4 мыңға жеткен.  
Жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер бүгінгі күні оқушыларды компьютер және интернетпен қамтамасыз ету сұрақтарын әрі қарай жалғастыруда. Мектептегі компьютерлер оқушылар мен мұғалімдерге таратылып берілді. Осы жұмыс әрі қарай да жалғастырылады. Қазіргі таңда қосымша 11 мыңнан астам компьютер сатылып алынды, - деді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы