«Дәл қазір 200 мың теңге ал»: Қалтасы жұқа халық қаржы ұйымдарының «қақпанына» түсіп жатыр

18 Қыркүйек 2020, 12:01
5526
Бөлісу:
«Дәл қазір 200 мың теңге ал»: Қалтасы жұқа халық қаржы ұйымдарының «қақпанына» түсіп жатыр
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жалақыға дейін қарыз, артық сұрақсыз», «Дәл қазір, төлем қабілетіңді дәлелдемей-ақ 200 мың теңге ал» деген сынды жарнамалардың жетегінде кетіп, сан соғып қалатын қазақстандықтар аз емес. 

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 16 мыңнан астам азамат пайыздың тым көптігін айтып, несие беретін ұйымдардың үстінен арыз жазған. Ал соңғы жарты жылда мұндай шағымның 6 мыңнан астамы келіп түскен.

Қарыз бен арыз

Жұмыс орныңнан анықтама талап етпейді, зейнетақы жарнасы туралы құжат сұрамайды, сол себепті де жұрт осындай ұйымдарға жүгініп жатады. Қызметтің бұл түрі клиенттен жеке басты куәландыратын құжат қана талап етеді. Әрі мәселе үйден шықпай, телефон арқылы шешілетін болған соң, онлайн займнан оңай дүние жоқтай. Алайда, ақшаны оңды-солды үлестіретін мұндай шағын несиелік ұйымдар қалтаңызды 15 минутта «қампайтқанымен», қарызды қайтарар кезде «бас ауруыңызға» айналуы мүмкін.

Мейір Қайыпхан онлайн несие беруші ұйымдармен жарты жылға жуық соттасқан. Өзінің айтуынша, өткен жылдың соңында жұмыстан шығып қалып, банктер несие бермеген соң, бірнеше онлайн ұйымнан ақша алған. Бірінші айда қайтара алмаған сол қарыздар геометриялық прогрессия бойынша өскен көрінеді.

Алғашында 25 мың теңге алдым. Бір айдан соң оның үстіне 12 мың қосып, қайтаруым керек болған. Алайда, мүмкіндік болмады. Қарызым күн санап өсе берген соң, тағы бір ұйымнан алып, жабуыма тура келді. Осылайша, 25 мыңды 50 мың етіп қайтардым. Ақшадан қысылып, онымен қоса ұсақ қарыздарды да жабамын деп банктен несие алмақ болдым. Сол тұста жалақысы төмен азаматтарға несие берілмейді деген заң шықты. Тағы онлайн займ алуыма тура келді. Банктегідей емес, бұлар бірер минутта картама 200 мың аударды, - дейді ол.

Оның айтуынша, сол кезде алған 200 мың теңге «бас ауруына» айналған. Оны біртіндеп болсын жабу үшін түрлі ұйымдардан қарыз ала берген.

Сол кездегі өмірім қарызды алып-жабуымен ғана өтті. Әрі телефонға да түрлі онлайн несие берушілерден ұсыныстар келе беретін болды. 200 мың, тағы 50 мың, оны жабу үшін 70 мың теңге алған едім. Барлығын қайтару үшін маған 500 мың да жетпейтін болды. Өзім де шатаса бастадым. Өйткені пайыз деген күн санап емес, сағат санап өсіп жатқандай болды, - дейді ол.

Күніне 2 пайызбен алынған несиенің сомасы өсе берген соң, ол Ұлттық банкке кеңеске жүгінген. Алайда, тіркеуден өткен кей микро қаржы ұйымдарды болмаса, несиелік серіктестіктер мен онлайн займ беретін ұйымдарды Ұлттық банк ол кезде реттемейтін.

Мамандар маған бұл Азаматтық іс ретінде қаралатынын айтып, сотқа шағым жазуға кеңес берді. Ол арызды заңгер көмегімен жаздым. Оған да шығындалуға тура келді. Іс жарты айға жуық қаралды. Нәтижесінде жеңіп шықтым. Сот онлайн несие берген ұйымның пайызын жоғары деп бағалап, келісімшартты заңсыз деп таныды. Қарыздың тек алынған сомасын өтедім. Енді жоламаспын, өйткені несие тарихымды да бұздым, - дейді ол.

Несие тарихы демекші, жұрт арасында онлайн займдар мен шағын қаржылық ұйымдардың қарызы несие тарихына әсер етпейді деген жаңсақ пікір бар. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, несие беретін серіктестіктердің біразы Бірінші кредиттік бюромен келісімшарт жасасқан. Сондықтан уақытылы қайтарылмаған қарыз туралы мәлімет несие тарихына енгізіледі.

«Қой дейтін қожа жоқ»...

Биыл жыл басына дейін онлайн несие берушілер мен көшедегі еңбекақыға дейін несие беретін ұйымдарды реттеуге келгенде Ұлттық банк қауқарсыз болатын. Онлайн несие беретін ұйымдардың жалпы жұмыс істеу шарты ҚР Азаматтық кодексінің 725-1-бабында көрсетілген. Бұл бап заңға 2018 жылдың 2 шілдесінде енген. Онда егер қарыз алушы уақытында қарызын өтей алмаса, оған (айыппұл, өсiмпұл) өткен әрбір күн үшін кешіккен сомадан тек 0,5 пайызын төлеуі, сондай-ақ айыппұл мөлшері бір жылда жалпы несие сомасының он пайызынан аспауы тиіс. Ал «Микроқаржылық ұйымдар қызметі» туралы заң бойынша, микроқаржылық ұйым ретінде тіркелген субъекті жылдық пайыздық мөлшерлемені 56 пайыздан асырмауға міндеттелген болатын. Алайда, бұл заңды ұстанғандар саусақпен санарлық. Аталмыш ұйымдардың көбі микроқаржылық ұйым ретінде емес, серіктестік, жеке кәсіпкер ретінде қызмет көрсеткен. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, пайызды да аспаннан алып, сол арқылы қалталарын қампайтып отырған. Бұл тақырып жоғары мінберлерде айтыла бастаған соң Ұлттық банктің Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл нарықты назарға ала бастады.

Жаңа заң, жаңа талап: не өзгерді?

2020 жылдың 1 қаңтарынан жеке тұлғаларға займ беретін барлық субъекті, оның ішінде ломбард, шағын несиелік серіктестіктер мен онлайн займдардың қызметі қадағаланатын болды. Нақтырақ айтқанда, бұл ұйымдардың барлығы осы жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банкте тіркеуден өтуі тиіс еді.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, елімізде 3,1 мың шағын қаржылық субъектісі бар. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тек 1085 субъект қана тіркеуден өтті. Оның 227-сі микроқаржылық ұйым, 202 несиелік серіктестік пен 650 ломбард.

Енді тек тіркеуден өткен қаржылық ұйымдар ғана тұрғындарға займ беруге құқылы. Оның өзінде бекітілген мөлшерлеме бойынша. Ал өтпегендер қызметін тоқтатады.

Жаңа талап бойынша, микроқаржылық қызмет атқаратын ұйымдардың жылдық мөлшерлемесі 56 пайыздан аспауы тиіс. Ал 45 күнге қарыз беретін ұйымдардың пайызы мен сомасына шектеу қойылды. Енді ондай ұйымдар 50 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сомада қарыз бере алмайды. Әрі пайызы 30-дан аспауы тиіс. Сонымен қатар, қарызды ұйымдастыру үшін комиссия алуға хақылары жоқ.

Тіркеуден өткен ұйымдар туралы мәліметте агенттіктің ресми сайтындағы «Рұқсат» - «Микроқаржылық қызмет атқаратын ұйымдар реестрі» бөлімінен көре аласыздар.

Онлайн несиеге жүгінетін кімдер?

Жалақыдан жалақыға дейін тиын санап күн кешетін адамдарға қарыз алма деу қиын. Оның үстіне елімізде биыл жыл басынан бері табысы 29 мыңнан төмен тұлғалар банктен кедергісіз кредит алып жүрген болса, енді ондай мүмкіндіктен қағылды. Себебі, Ұлттық банктегілердің пайымынша, кепілсіз несиені алушылар көп, ал қайтарушылар аз. Кредиттің портфелі болса, жыл сайын миллиардтап өсіп жатыр. Осынау қыруар қарыздың бір парасы банктерде емес, онлайны бар, басқасы бар шағын несие ұйымдарына тиесілі. 

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі күні ел тұрғындарының микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарызы 1, 284 трлн теңгені құрап отыр. Оның 415 млрд тенгесі микроқаржылық ұйымдарға, 467 млрд теңгесі ломбардтарға, ал 402 млрд тенге несиелік серіктестіктерге тиесілі. Қарыз алушылардың 76,2 пайызы жеке тұлғалар. Олар жалпы соммасы 978, 6 млрд теңге қарыз.

Осыдан бірнеше ай бұрын LS сайтына берген сұхбатында IDF Eurasia компаниясының өкілі Алина Дзоекаева микро және онлайн-несиелерге жүгінетін кімдер екенін айтқан болатын. 

Микроқаржы ұйымындағы клиенттер көбінесе 35 және одан жоғары жастағы, отбасы бар және тұрақты табыс көзі бар әйелдер. Айтарлықтай үлесті жеке кәсіпкерлер құрайды. Бизнес үшін шағын несиелер туралы айтатын болсақ, олар 2 млн теңгеге дейін беріледі. Өз кезегінде онлайн-несие беру сервистерінің қарыз алушыларының 53%-ы 18-30 жастағы ер адамдар. Мұндай клиенттердің 58% табысы айына 65-150 мың теңге айналасында. Қарыздың орташа сомасы 40 мыңнан 70 мың теңгеге дейін, - дейді ол.

Онлайн займ беретін ұйымдардың ішінде танымалы – Мoneyman ұйымы өздерінен займ алушылардың әлеуметтік портретін жасаған. Онда келтірілген мәліметтерге қарағанда, қарыз алушылар арасында ерлер де, әйелдер де бар. Пайызға шаққанда олардың көрсеткіші тең (52 пайызы әйелдер, 42 пайызы ерлер).

Осы ұйымның қызметіне жүгінетін тұрғындардың басым бөлігі Алматы қаласы мен облысында тұрады (29%). Одан кейінгі көшті Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы бастап тұр (11%). Қарыз алушылардың 36 пайызы 18-24 жас аралығындағы жастар.

Ал «Честное слово» микроқаржылық ұйымының мәліметіне сүйенсек, тек жарты жылда 16 мыңнан астам қарыз алу жөнінде өтініш келіп түскен. Олардың қызметіне жүгінетіндердің 53,3% әйелдер екен. Басым бөлігін 23-27 жас аралығындағы жандар құрайды.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі азаматтарға онлайн займ алғанда және микроқаржылық ұйым қызметіне жүгінгенде олардың реестрде бар-жоғын анықтауға кеңес береді. Ал тұтынушы ретінде құқығы бұзылған жағдайда немесе кеңес алу жөнінде төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласу қажет. +7 (727) 2788 144 и +7 (727) 2788 122, e-mail: Fingramota@finreg.kz , TAL@finreg.kz www.finreg.kz.

Өзгелердің жаңалығы