Мәжілісте қаржы нарығы туралы заң жобасына түзетулер таныстырылды

14 Мамыр 2019, 13:00
2072
Бөлісу:
Мәжілісте қаржы нарығы туралы заң жобасына түзетулер таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы таныстырылды.

Негізгі баяндаманы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков жасады. 

«Аталған заң жобасы қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу саласындағы тәуекелдерді шектеу мақсатында әзірленді. Заң жобасында екі негізгі бағыт көзделеді. Біріншіден, қаржы нарығын реттеу және дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік органға – Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігіне жүктеу ұсынылады, ол республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады", - деді Смоляков.

Оның айтуынша, екіншіден, реттеушілік төрелікті және тұтынушылық кредиттеу нарығындағы жүйелік проблемаларды жою мақсатында Заң жобасында кредиттеудің барлық субъектілеріне қатысты реттеу мен қадағалауды енгізу көзделеді. Атап айтқанда, кредиттік серіктестіктердің, ломбардтардың, микроқаржылық және басқа банктік емес кредиттік ұйымдардың қызметі микроқаржылық қызмет ретінде айқындалады. Банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеу жүйесі жүзеге асырылатын қызмет түріне байланысты «тәуекел жоғары болған сайын – реттеуші талаптар да жоғары» қағидаты бойынша сараланатын болады. 

Заң жобасын қабылдау қаржы секторын реттеудің тиімділігін арттыруға, кредиттеу нарығындағы ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сенімді құқықтық базаны құруға мүмкіндік береді.
Өзгелердің жаңалығы