ІІМ рұқсатынсыз сатылатын қаруды сату тәртібі өзгерді

7 Тамыз 2019, 12:45
3436
Бөлісу:
ІІМ рұқсатынсыз сатылатын қаруды сату тәртібі өзгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда газ баллоншаларын, пневматикалық және сигналдық қаруларды сатып алу тәртібі өзгерді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді.

«Жаңа ережелер негізінде ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қаруды (пневматикалық, сигналдық (ПМ көшірмесі), газ бүріккіштері (балоншалар) сату тәртібі реттелді. Енді мұндай қаруды сатып алу үшін өзінің кәмелетке толғанын растап, дүкенге сотталмағандығы, қару ұстауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқтығы туралы және қаруды қауіпсіз ұстау ережелері бойынша біліктілік тексеруден өткендігі туралы анықтама беру қажет», - деді Байболов.

Ол мұндай ережелер полицияның рұқсатынсыз сатылатын қаруды қолдану арқылы қылмыс жасау фактілеріне байланысты енгізілгенін айтты.

«Соның бір мысалы, жақында Интернет желісінде елордада пневматикалық тапаншаны қолдану арқылы жасалған қылмыс туралы бейнеролик жарияланды. Бұл бейнежаздаба балалар ойнап жүрген аулада бір мас ер адамның тапаншамен жұртты қорқытып жүргенде полиция қызметкерінің ұстағаны көрсетілген», - деді комитет төрағасы. 

Оның айтуынша 2017 жылдан бастап аталған санаттағы қарумен 129 қылмыс жасалған, оның ішінде қарақшылық – 28, бұзақылық – 79, кісі өлтіруге оқталу – 3. 

Бұл ретте, аңшылық дүкендерінің сатушылары алушының қаруды иеленуге қарсы айғақтары бар екенін біле тұра, нормативтік бекітілген негіздердің болмауына байланысты мұндай қаруды сатуды шектей алмайды. 

Полиция 2018 жылы Қазақстанға 4 мыңнан астам сигналдық қару (дыбыстық – спорттық іс-шараларда «старт» сигналдарын беруге арналған) әкелінгенін мәлімдеді. Аталған тапаншаның сыртқы түрі «Макаров», «Глок» маркалы тапаншаларға айна қатесіз ұқсайды. Байболов бұл қаруды жастар көрсету және қорқыту үшін пайдаланатынын, қарақшылық мақсатқа қолдану және қайтадан жауынгерлік қару жасау фактілері кездесетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы