«Қариялар азайып бара жатыр...». Қазақстан соғыс ардагерлерін қалай қадірлейді?
6 Мамыр, 10:08 956

«Қариялар азайып бара жатыр...». Қазақстан соғыс ардагерлерін қалай қадірлейді?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне биыл да бірретік әлеуметтік көмек берілетін болды. 

Қаржылай көмектің көлемі әр қалада әртүрлі, 1 млн теңгеден бастап 2 млн-ға дейін жетеді. Осы тұрғыда КСРО-ның құрамында болған өзге елдерде берілетін біржолғы қаржылай көмектің көлеміне және қанша ардагер қалғанына шолу жасаған едік.

9 мамыр Жеңіс күнін еске алатын ардагерлер қатары өкінішке қарай жыл өткен сайын сиреп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 381 соғыс ардагері бар екен. Өткен жылы ғана ардагерлердің саны 665 болған. Ал, 2020 жылы олардың саны 1025 еді. Ардагерлер санының күрт азаюына коронавирус пандемиясың кесірі де тиген көрінеді.

Сонымен қатар елімізде Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат тұрады екен. Оның ішінде: 

- қоршаудағы Ленинград тұрғыны - 91;

- концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқыны - 205;

- қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелі немесе күйеуі - 2 918;

- ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері - 6;

- тылда еңбек еткендер - 69 248.

Жеңіс күні қарсаңында еліміздегі соғыс ардагерлеріне құрмет ретінде жыл сайын бірреттік әлеуметтік көмек беріліп келеді. Әлеуметтік көмектің көлемі әр қалада әр алуан. Мәселен, биыл ең жоғары көмекті Ақтөбе қаласы тағайындап отыр. Ақтөбеде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагер бар екен. Олардың әрқайсысына 2 миллион теңгеден біржолғы төлем беріледі. Ал, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалалар 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетеді. Осылайша Қазақстан КСРО құрамында болған елдер ішінде алдыңғы орында тұр.

Мәселен, Алматы қаласында Жеңіс күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төлемдерінің жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Алматыда 75 ҰОС ардагері және еңбек майданының 9532 қатысушысы тұрады. Соғыс ардагерінің 75 қатысушысы мен мүгедектері 1 млн теңгеден біржолғы төлем алады.

Сонымен қатар жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, ҰОС майдангерлерінің жесірлеріне, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан қатысушылардың отбасыларына теңестірілген 1800 адам 100 мың теңгеден төлем алады.

10 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде еңбек майданына қатысушыларға 50 мың теңгеден төленеді.

Өзбекстан

Соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы әлеуметтік көмек көлемі бойынша екінші орында көрші өзбек елі тұр. Соғыс ардагерлері мен концлагерь және Ленинград блокадасының тұтқындары 15 млн сомнан алады, бұл 616 000 теңге көлемінде. Бұл елде 500-ге жуық соғыс ардагері бар.

Шенеуніктерге әр ардагердің үйіне жекелей барып, ақшалай көмек пен өзге де сыйлықтарды салтанатты түрде табыстау тапсырылған. Сондай-ақ олар 10 мыңдай тыл еңбеккерімен жекелей кездесіп, сыйлықтарды табыстайды. 

Әзербайжан

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 3,5 млн манат бөлді. Мұндай қаулы Жеңістің 77 жылдығына орай шықты. Құжатқа сай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар 1,5 мың манат көлемінде қаржылай көмек алады, бұл 396 мың теңге көлемінде. Сондай-ақ концлагерь және Ленинград блокадасының тұтқындары, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 194 мың теңге көлемінде көмек беріледі (750 манат).

Әзербайжан ардагерлер кеңесінің мәліметінше, қазір елде 150 майдангер тұрады. Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге материалдық көмек көрсетіліп тұрады. Ұлы Отан соғысына 700 мыңға жуық әзербайжан қатысқан, олардың жартысы соғыс алаңынан оралмады.

Беларус

Белорусия биыл соғыс ардагерлеріне бірреттік көмек ретінде 1800 белорус рублін тағайындады. Бұл 235 мың теңге көлемінде. Дәл осындай көлемдегі қаржы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Отанын қорғауға атсалысқан және тұтқында болған азаматтарға да төленеді. 

Ресей

Көрші Ресей елінің әл-ауқаты жақсы болғанына қарамастан соғыс ардагерлеріне берілетін бірреттік әлеуметтік көмек көлемі өте төмен. Бұл елдегі соғыс ардагерлері жыл сайын 10 мың рубль алады, бұл 65 мың теңге көлемінде. Алайда, 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығында ардагерлерге 50 000 мен 75 000 рубль көлемінде біржолғы төлем жасалған. Ресейде қазір 20 320 соғыс ардагері тұрады. 

Тәжікстан

Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне берілетін көмек көлемі әр аймақта әр алуан. Мысалы, Душанбеде ҰОС-ның ардагерлеріне 105 мың теңге төленеді (3 мың сомони), тыл еңбеккерлері мен Ауған соғысына қатысушылар, Чернобыль апатының мүгедектері мен отбасына, Конституциялық құрылысты қорғауда қаза тапқандардың отбасына 28 000 теңге (800 сомони) көмек беріледі. Ал, Согдиан облысындағы соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ әскери міндетін атқару барысында қаза тапқандардың жесіріне 211 мың теңге (6000) көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.

Қырғызстан

Айыр қалпақты көршіміз соғыс ардагерлеріне биыл 100 мың сомнан бірреттік көмек беріп жатыр. Бұл теңгемен 530 мың теңге көлемінде. Әлеуметтік көмек соғыс ардагерлеріне, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындар, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелі мен күйеулері, ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері және тылда еңбек еткендерге беріледі. Қазір Қырғызстанда 107 соғыс ардагері бар.

Түрікменстан

Бұл елде биыл соғыс ардагерлеріне қанша көлемде қаржылай көмек берілетіні туралы ақпарат жоқ. Өткен жылы Түрікменстандағы соғыс ардагерлері 200 манат, яғни 25 мың теңгеден алған. Одан бөлек бағалы сыйлықтар да берілген. 

Молдова

9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында Молдовадағы соғыс ардагерлеріне 10 мың лейден беріледі, бұл 260 мың теңге көлемінде. Ал, соғыс ардагерлерімен теңестірілген азаматтарға 5 мың лей, яғни 130 мың теңгеден берілген. Ал, соғыста қаза тапқандардың жесірлеріне 1 мың лей, 26 мың теңгеден көмек берілген.  Бұл елде қазір 167 соғыс ардагері бар.

КСРО құрамында болған Армения, Грузия, Эстония, Латвия және Литва елдерінде соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай берілетін көмек жайлы еш мәлімет жоқ. Бұл елдердің кейбірі тіптен 9 мамырды атап өтпейді. 

Айт кесек, Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 1 млн 200 мыңға жуық адам майданға аттанған. 20-дан астам атқыштар дивизиялары және басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметтері үшін жүздеген мың қазақстандық медальдар мен ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін жанын берді – шайқаста қаза тапты, хабар-ошарсыз  кеткендер де бар. 630 мың адам тұтқыннан оралмады. Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлеріннің қосқан үлесі де ерекше,  олар майданды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге бар күшін салды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...