Бас жаңалықтар
Қаражаттың қомақты бөлігі тұрғындарды ауызсумен қамтуға бағытталған
14 Сәуiр 2019, 10:43 751

Қаражаттың қомақты бөлігі тұрғындарды ауызсумен қамтуға бағытталған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының аудан қалаларына 72 шақырымға таяу инженерлік инфрақұрылым желісі салынып, 112 шақырымнан астам ауызсу құбырлары тартылды. Бұл жөнінде облыстық Мәслихаттың кезекті ХХІХ сессиясы барысында белгілі болды.

«Инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына өткен жылы 74,3 миллиард теңге, яғни жалпы бюджеттің 27 пайызы бағытталды. Осының нәтижесінде 13 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Инженерлік инфрақұрылымды салуға 10,8 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде Өскемен, Семей қалалары мен Алтай, Аягөз және Зайсан аудандарындағы сегіз нысанға 72 шақырымға таяу инфрақұрылым желісі салынды», - деді депутаттар алдында 2018 жылғы бюджеттің жұмсалуы бойынша есеп берген ШҚО Қаржы басқармасының басшысы Қайрат Ерембесов.

Басқарма басшысының хабарлауынша, бюджет қаражатының қомақты бөлігі тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға бағытталған. Атап айтсақ, өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 19,2 миллиард теңге қарастырылып, бөлінген қаражат толығымен игерілген.

«Облыстың 14 аудан, қаласындағы 42 нысанға су тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 13 нысан қолданысқа беріліп үлгерді. Атап айтсақ, Катонқарағай ауданында – 3 нысан, Жарма, Тарбағатай және Көкпекті аудандарында 2 нысаннан, Аягөз, Үржар аудандары мен Семей, Курчатов қалаларында бір нысаннан қолданысқа беріліп, жалпы ұзындығы 112,7 шақырымға таяу құбыр төселді», - деп қосты жауапты тұлға.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...