Бас жаңалықтар
Қазақстандықтар қаражаттарын қалай жинайды
23 Тамыз 2019, 13:43 376

Қазақстандықтар қаражаттарын қалай жинайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ), Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) және қазақстандық 16 банк сауалнама жүргізіп, қазақстандық салымшылардың жинақ ақша мен депозиттер туралы шешімдеріне не әсер ететінін анықтады.

1 600 кездейсоқ респондентпен телефон бойынша, онлайн түрде және бөлімшелерде сауалнама өткізілді. Зерттеудің географиялық қамту аумағы – Қазақстанның барлық аумағы бойынша 45 қала және елдімекендер. Бұл сауалнама Қазақстан тұрғындарының барлық топтарын тең дәрежеде қамтитын толыққанды әлеуметтік зерттеу болып табылмайтындығына қарамастан, банк клиенттері мен банк бөлімшелеріне келушілер бойынша таңдау қорытынды шығаруға, мәселелерді анықтауға және әрі қарай жасалатын әрекеттерді белгілеуге мүмкіндік береді.

Сауалнамаға кірісе отырып, ҚДКБҚ мен ҚҚҚ қазақстандықтар қаржыға байланысты шешімдерді қалай қабылдайтыны туралы жалпыға ортақ 4 гипотезаны тестілеп көруді жөн көрді.

1

Гипотеза: салымшылар депозиттің міндетін жақсы түсінеді 

Нақты дерек: салымшылардың 46%-ы ақшасын ірі заттарды сатып алу үшін жинайды, ал олардың тек 33%-ы ғана қалай тезірек жинау керек екендігін түсінеді.

Сұралғандардың 46%-ы ірі заттарды: пәтер (немесе бастапқы жарна), машина сатып алу үшін, 29%-ы – үй жөндеу немесе отбасылық демалыс сияқты қысқа мерзімді шығындарға ақша жинайды. Ақшаны мақсатты жинау үшін мерзімінен бұрын шешудің шектеулі мүмкіндігі бар жинақ ақша салымдары және мерзімді ақша салымдары жасалды. Бұл салымдардың табыстылығы инфляцияны айтарлықтай жауып қана қоймай, тезірек жинауға мүмкіндік береді – жоғары пайыздық мөлшерлеме мен шоттағы пайыздарды капиталдандырудың арқасында қажетті сома тезірек жиналады. Алайда, сұралған үш адамның екеуі пайыздық мөлшерлемесі төмен және ақшаларын кез келген уақытта шешіп алу мүмкіндігі бар мерзімсіз салымдарды жөн көреді.

Жалпы алғанда, барлық сұралғандардың ішінен 8%-ы ақшасын тек жоғары табысты жинақ ақша депозиттерінде ұстағанды жөн көреді, 18%-ы ақшасын мерзімсіз және жинақ ақша салымдары арасында бөледі. Дегенмен, ірі заттарды сатып алуға ақша жинайтын респонденттердің арасынан үштен бір бөлігі жинаған қаражатын жинақ ақша және мерзімді депозиттерде жинайды.

Сіз бүгінгі таңда не істей аласыз. Егер сіз ірі зат сатып алу үшін ақша жинап жүрсеңіз, жинақ ақша салымын қарастырып көріңіз. Дәл қазіргі уақытта 15 банкте жинақ салымын ең жоғары 13,5% жылдық мөлшерлемемен, ал 1 қыркүйектен бастап 14,2% жылдық мөлшерлемемен ашуға болады. Қарапайым қауіпсіздік техникасын да сақтаған жөн: ақшаңыздың бір бөлігін мерзімсіз депозитте қалдырыңыз. Осылайша, сіз күтілмеген шығындарға дайын боласыз. 

2

Гипотеза: қазақстандық салымшылар ақшасын шетел валютасында жинағанды жөн көреді

Нақты дерек: салымшылардың 76%-ы теңгені жөн көреді.

Сұралғандардың 76%-ы теңгеге сенім білдіреді: 52%-ы депозиттер бойынша жоғары тиянақталған мөлшерлемесі үшін ақшасын тек теңгеде ғана сақтауды жөн көреді, 24%-ы 50/50 принципі бойынша ақшасын теңгеде де, шетел валютасында да сақтайды.

Бұны банк деректері де растайды: көпшілік сегментінде шоттардың 8,6%-ы ғана шетел валютасында ашылған.

Сіз бүгінгі таңда не істей аласыз. Ойланып көріңізші: шығындарыңыздың валютасы қандай? Егер сіз ақшаңызды шетелде демалу үшін жинасаңыз – сіз үшін айырбастау бағамының өзгерісі маңызды болады, онда ақшаны шетел валютасына конверсиялау дұрысырақ. Егер сіздің шығындарыңыз – теңгеде болса, ақшаңызды күтілмеген шығындар үшін сақтасаңыз немесе балаңыздың қазақстандық оқу орнындағы оқуын төлесеңіз – тиянақталған табыстылығы бар теңгедегі депозитті таңдаңыз. 

3

Гипотеза: салымшылар сенімді банктерді таңдайды 

Нақты дерек: салымшылардың тек 55%-ы қолжетімді қаржылық ақпаратқа талдау жасайды.

Сұралғандардың көбі жоғары табыстылықты жақсы банктің негізгі көрсеткіші деп санайды: 51%-ы депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелерді, 25%-ы – жоғары кешбэкті жөн көреді және тек 37%-ы депозиттер бойынша жоғары мөлшерлеме ұсынатын банктердің қызметі көбірек қауіптермен және тіпті өтімділігі бойынша проблемалармен байланысты болуы мүмкіндігін растайды. Есепке жинақ ақша салымдары алынбайды: ұзақ мерзімді тұрақты қорландыру үшін бәсекеге түсе отырып, 15 банктің барлығы осы салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлемеге жақын мөлшерлеме ұсынады. Мерзімсіз салым мен төлем карточкасын таңдағанда олардың сенімділігін өз бетінше бағалай алу маңызды.

Сұралғандардың 55%-ы қолжетімді қаржылық ақпаратқа назар аударады – бұл банктің кредиттік рейтінгі мен өзіндік капитал мөлшері. Дегенмен, респонденттердің жартысынан көбі жоғары сыйақы мөлшерлемесі мен кешбэктан бас тартуға дайын емес.

Сіз бүгінгі таңда не істей аласыз. Қосымша ақпарат іздеп, оқып-зерттеңіз: осылайша, тиімді шарттар мен сенімділік арасында теңгерім таба аласыз. 

4

Гипотеза: салымшылар банктің банкроттыққа ұшырауымен кездеспейінше депозиттер бойынша кепілдік туралы білмейді 

Нақты дерек: сұралғандардың 66%-ы депозиттер бойынша кепілдемелер туралы біледі.

Банк сенімділігіне байланысты болуы мүмкін қауіптерді депозиттерге кепілдік беру жүйесі біркелкілейді. Банк салымшыларының 66%-ы заң барлық қазақстандықтарға банктердегі жинақ ақшаларының қорғалу құқығын беретінін біледі.

ҚДКБҚ-мен сұралған банк клиенттері депозиттердің заңнамалық қорғалуы туралы ақпаратты ҚДКБҚ ақпараттық хабарламаларынан, жаңалықтардан, банк бөлімшелері мен банктердің веб-сайттарынан, әлеуметтік желілерден, әсіресе Телеграмнан алады. «Астана Банкі» АҚ, «QazaqBanki» АҚ бөлшек сауда банктерінің мәжбүрлі таратылуы мен осы банктердің салымшыларына өтемақы төлеу туралы кейінгі жаңалықтар респонденттер үшін депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек білуге себеп болды.

Халықтың депозиттердің қорғалуына заңды құқығы туралы жоғары білім деңгейлері, салымды саналы таңдау және қаражатын қандай да бір банкте орналастыруына байланысты қауіптерді бағалай білу қабілеті, – бұның барлығы қаржы секторының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан, ҚДКБҚ сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып, қаражат жинау және депозиттер саласында сапалы, тәуелсіз материалдарды жариялауын жалғастырады, атап айтқанда:

•              банкті таңдаған кезде нені басты бағдарда ұстау керек және тиімді шарттар мен сенімділік арасындағы балансты қалай табу керек,

•              қаржы мақсаттарын есепке ала отырып, депозитті қалай таңдау керек және бүгінгі таңда нарықта қандай мүмкіндіктер бар және олар қандай шектеулермен байланысты,

•              кредиттік, валюталық және пайыздық қауіп жағдайында өз жинақ ақшаңды қалай сақтап қалуға болады.

Депозиттер бойынша кепілдік туралы толығырақ ҚДКБҚ колл-орталығында 1460 және инстаграмда: @Deposit_KZ біліңіз. 

Анықтама:

Сауалнама ҚДКБҚ бастамасымен және ҚҚҚ қолдауымен өткізілді. Клиенттермен сауалнама мына банк бөлімшелерінде: «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ, «Евразиялық банк» АҚ, «Альфа-Банк» ЕБ АҚ, «First Heartland Jýsan Bank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, онлайн және телефон бойынша «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Tengri Bank» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк Хоум Кредит» АҚ ЕБ жүргізілді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық