Бас жаңалықтар
Қарасор көлін айналып өтетін теміржол салынады
25 Ақпан 2020, 13:35 855

Қарасор көлін айналып өтетін теміржол салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Үкімет отырысы барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев су тасқыны қаупін алдын алуға және жоюға бағытталған жоспарлармен бөлісті. 

Республикалық маңызы бар автожолдарды дайындау шеңберінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді. Орталық және өңірлік деңгейлерде жол қызметі комиссиялары құрылды. Бүгінгі күні республикалық желінің ұзындығы 24,9 мың км құрайды. Оның 1277 көпір және 14994 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 464 қауіпті учаске, 66 көпір және 852 су өткізу құбыры бақылауға алынды. Оларға 883 бірлік жол пайдалану техникасы бекітілген. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды және автожолдар мен жол құрылыстарына күн сайын патрульдеу жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін қазіргі уақытта жол және инертті материалдар дайындалды. Оның ішінде 644 тонна жанар-жағармай, 8 мың куб/метр құм, 6,8 мың куб/метр тас, 17 мың куб/метр қиыршық тас, 45,5 мың дана қап, 25 дана темір-бетонды құбыр. Жалпы дайындық 90 пайыз құрайды, - деді вице-министр. 

Оның сөзінше, су өткізетін құбырларды және көпір арналарын қардан тазалау жұмыстары басталды. Пойыздардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында "ҚТЖ" Ұлттық компаниясы тиісті бұйрық қабылдады.  

Су тасқыны қаупін алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені "Жол картасы" шеңберінде министрлік бойынша 23 іс-шара көзделген. Оның ішінде автожолдар саласы бойынша 2017-2019 жылдар аралығында күтіп ұстауға және жөндеуге бөлінген қаражат есебінен 22 іс-шара орындалды. Қарағанды облысындағы Көкпекті-Қарағайлы учаскесінде Қарасор көлін айналып өтетін теміржол құрылысы бойынша жоба іске асырылуда. Бұған қоса, Павлодар облысындағы Қалқаман-Баянауыл 100-105 км учаскісінде 2019 жылғы су тасқыны кезіндегі бұзу салдарын жою мақсатында 2020 жылы осы учаскеге күрделі жөндеу мен көпір салу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 500 миллион теңге көзделген, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...