Бас жаңалықтар
Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған көрме ашылды
Фото
29 Мамыр 2019, 09:16 832

Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған көрме ашылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына және саяси қуғын-cүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Сұлу жырдың сұңқары» атты көрме ашылды. Көрме 2 мамырға дейін жұмыс істейді.


Көрмеге қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жеке заттары, суреттер, кітаптар қойылған. Сондай-ақ, көрмеге С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан фотосуреттер, көлемді жәдігерлер мен мұрағат құжаттары әкелінді.


«Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ зиялы қауым өкілдерінің қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин де болды. Биыл біз тұлғаның 125 жылдығын тойлаймыз. Осыған орай мұражайда көрме дайындадық. Жәдігерлер арасында Сәкеннің киген шапаны, шай ішкен кеселері, етігін жөндеген құралдары бар», - дейді мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетов.

Мұражайдағы іс-шара аясында «Сәкен тірі қазақтай елі барда» атты дөңгелек үстел ұйымдастарылды. Шараға тарихшылар, қуғын-cүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының ұрпақтары мен студенттер, жастар қатысты.


«Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, атақты жерлесіміз Сәкен Сейфулиннің өмір жолы көпшілігімізге белгілі. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған алғашқы қазақ жазушыларының бірі. Алайда ол 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды. Тек 1957 жылы ақталды. Қазақ интеллигенциясын саяси қуғынға ұшырату тек Кеңес үкіметі кезінде жүзеге асқан жоқ. Ол сонау 1913 жылдан, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы жарық көрген уақыттан басталды. Баспасөз беттерінде қазақ зиялалылары дін жайлы, қазақ тілінің жағдайы туралы, бастауыш сыныптардағы оқыту мәселелері жайлы жазды. Осы мәселелер көтерілгеннен кейін қуғындау басталды. Кеңес үкіметі тұсында саяси қуғын жалғасын тапты. Кеңестік билікті мойындаған, большевиктерге жұмыс істеген Сейфуллин де қуғынға ұшырады. Не себепті? Себебі ол қазақ халқының ана тілін дамытуды, мемлекеттік қызметшілерді қазақ интеллигенциясынан сайлауды жақтады. Бірақ оның бұл пікірлері қабылданбады», - дейді Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Нұрсахан Бейсенбекова.


Фото: автордан
Загрузка...