Бас жаңалықтар
Қарағанды жайлы сіз білмейтін 10 дерек
11 Ақпан 2019, 16:37 582

Қарағанды жайлы сіз білмейтін 10 дерек

Қарағанды, Baq.kz тілшісі. Кеше Қарағандыға қала мәртебесі берілгеніне 85 жыл толды. Осыған орай еліміздің орталығында орналасқан алып шаһардың өзіндік ерекшелігі мен қазақстандықтар білмейтін қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз.

1. Қаланың орталығы «ескі қалада» орналасқан. Шаһардың бас жоспарына сәйкес болашақта қаланың орталығы Оңтүстік-шығысқа көшеді. Осыған байланысты Оңтүстік-шығыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

2. Қарағанды шашыраңқы орналасқан. Қаланың құрамына қаладан 5-10 шақырым қашықтықта орналасқан бірнеше қалашықтар да кіреді. Олар: Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау, ЖБИ. Ең арзан пәтерлер ЖБИ-де болса, ең қымбаты қаланың жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-шығыста.

3.Өткен ғасырдың 90-жылдары Қарағанды Майқұдығы елімізге криминогенді аймақ ретінде танымал болған. Қазақтың мақтанышы, атақты боксшы Геннадий Головкин осы Майқұдықтың 14-шағын ауданында туып, өскен. Генаның анасы әлі де Майқұдықта тұрады.

4.Қарағандылық көлік жүргізушілері асыққанды ұнатпайды, олар жол ережесін бұзбауға тырысады. Астана мен Алматы, Шымкенттік жүргізушілер қарағандылықтардың жайбасарлығына таң қалады. Қарағандыда көлік кептелісі сирек болуына байланысты жүргізушілер ешқайда асықпауға дағдыланған.

5.Қарағандыда жолда такси тоқтату ұғымы қалыптаспаған. Таксиді телефон арқылы, мобильдик қосымшалар арқылы шақыруға не болмаса арнайы такси тұрақтарынан отыруға болады.

6.Шаһарда 5 қабатты сұр үйлер өте көп. Осыдан болар Қарағандыға алғаш келген қонақтар қалаға «сұрғылт қала» деген баға береді.

7.Қарағандыда әлі күнге Октябрь ауданы, Ленин даңғылы мен кинотеатры, Карл Маркс көшесі бар. Осыдан үш жыл бұрын Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейханға беру жайлы мәселе көтерілген болатын. Алайда, әзірге нәтиже жоқ.

8.Қаланың қоғамдық орындарында орысша сөйлеу қалыптасқан. Тұрғылықты халық автобустарда, дүкендерде, тамақтану орындарында қызмет көрсетушілерге көбіне орыс тілінде тіл қатады.

9. Қарағанды еліміздегі ең ластанған қалалардың қатарында. Тұрғындар жуылған киімдерді түнде далаға жаймауға тырысады. Себебі, қаланың айналасында кәсіпорын мен өнеркәсіп орындары көп болғандықтан, олардан бөлінетін өндіріс қалдықтары түнде жайылған киімді былғайды.

10.Қарағандылықтар арасында аралас некеге тұрған ерлі-зайыптылар көп. Себебі, Қарағанды көп ұлтты қала.

Жібек Мұқашева

Фото: Автор

Сізден жаңалық