Қаңтар оқиғасы. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95%-ы өтемақысын алды

3 Мамыр 2022, 12:23
1081
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95%-ы өтемақысын алды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, І тоқсанның қорытындысы бойынша Алматының экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділігі қалпына келе бастаған.

Мәселен, осы жылдың 3 айында қала 19,18%  өсуге қолжеткізе отырып, 248 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі оң серпінін көрсетуде, І тоқсанда Алматыда 387,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 15 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібі 18%-ға артқанын ерекше атап өту керек. Бұл ең алдымен машина жасаудың белсенді дамуына, яғни 1,7 есеге өсуіне байланысты, – дейді ол.

Сонымен қатар қаңтардағы оқиғалардан кейін қаладағы сауда және қызмет көрсету саласы да қайта қалпына келе бастағанын жеткізді. І тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 737,8 млрд теңге болса, көтерме сауда айналымы 2,4 трлн теңгені құраған.

Өңірлік комиссия бизнеске келтірілген залалды өтеуге кіріскен болатын, бүгінгі таңда комиссия жалпы сомасы 11 млрд теңгеден астам 1499 өтінімді мақұлдады. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95 пайызы өтемақысын алды, қазір олар жұмыстарын істеп жатыр, – деді  Оразалин.

Өзгелердің жаңалығы