Қаладан көрі ауыл мұғалімінің артықшылығы көп – ұстаз

27 Мамыр 2020, 18:48
3037
Бөлісу:
Қаладан көрі ауыл мұғалімінің артықшылығы көп – ұстаз
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, еліміздегі білім саласына қатысты бірқатар мәселенің шешімін айтты.

Осыған орай Қарағанды облысы Осакаров ауданы әкімдігінің "Қарағайлы ауылы N5 ОМ" КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Уәзира Шайхапас өз ойымен бөлісті.
 
Әуелі ауыл мұғалімінің өзге өңірлердегі ұстаздарға қарағанда қандай артықшылығы бар деген сауалға тоқталғым келеді. Әрине, ең бірінші оқу жүктемемізге қарай айлығымыз уақытында төленеді. Екінші, қала мектептерінен бір артықшылығы – ауыл мұғалімі ретінде қосымша 25 пайыз үстемеақы аламыз. Үшінші, әрбір педогог өз біліктілігін арттыра отырып, қосымша үстемеақы алуға барлық мүмкіндік жасалған – дейді Уәзира ұстаз.

Сонымен қатар ол басқа мамандық иелерінен да артық бір мүмкіндік барын айтады.
Ол – басқалар бір ай демалса, біз екі айға жуық уақыт ақылы демалысқа шыға аламыз. Сонымен бірге, ұстаздар үшін арнайы сауықтыру жалақысы тағайындалған. Өздеріңіз білесіздер, бұны көбі "он үшінші жалақы" атап кеткен. Ал декреттік демалысымызда 4 айға дейін айлығымыз толық төленіп тұрады. Жас босанған ұстаздың баласы бір жасқа толғанға дейін айлығымыздың 40 пайызы жәрдемақы ретінде беріледі. Сонымен қатар декреттік демалыста отырып, жұмысқа шықпаған жағдайда 3 жылға дейін зейнетақы қорымыз жүріп тұрады – дейді ауыл мұғалімі.

Бұның барлығы да Үкіметтің ауыл мұғаліміне жасап отырған қамқорлығы деуге болады - деген ұстаз, жастардың не себепті ауылға келгілері келмейтінін де атап өтті.
Оқу бағдарламасын жасауда біраз олқылықтар бар деп ойлаймын. Өзім тіл маманы болғандықтан, бұрын біз оқушыларға грамматиканы үйреткен болсақ, яғни бұрынғы бағдарламада грамматикаға басымдық берілген болса, қазіргі оқу бағдарламаларында сөйлеу дағдыларына басымдық берілген. Маман ретінде бұл жағдай оқушылардың сауатты жазуына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын – дейді жас маман.

Сонымен қатар Уәзира Шайхапас қазіргі кезде ауыл мектептерінің техникалық базасы өте нашар екенін де жасырмады.
Мысалы, оқушылардың информатика пәнінде компютермен толық қамтылмауы, интернет жүйесінің нашарлығы, интерактивті тақталардың болмауы қазіргі кезде ауыл оқушыларына заманауи білім беруде біраз кедергі келтіріп отырғанын айта кеткен абзал – деді ол.
Уәзира қазіргі демократиялық қоғамда мұғалімдердің аузына қақпақ қою мәселесі де бар екенін айтты.
Үкімет тарапынан "Мұғалім мәртебесі" туралы заң қабылданып, біраз мәселе шешімін тауып жатқанын жоққа шығармаймыз. Ол үшін рахмет, әрине! Дегенмен, осы заңнамада көрсетілген кейбір нормалардың ауылдық жерде әлі де орындалмай жатқанын айта кетуге болады. Мысалы, газитке жазылу әлі де мәжбүрлі түрде жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің өз пікірін ашық білдіре алмауы да ауылдық мектептердегі кейбір келеңсіздіктердің қоғам назарынан тыс қалуына себеп болып отыр. Қазір сізге сұқбат беріп отырғанның өзінде, осы ойларымды қорқа-қорқа жеткізіп отырғанымды айта кетейін – дейді Уәзира Шайхапас.

Ол сонымен қатар, ауылды жерлерге жас мамандардың келгісі келмеуінің себептері: біріншіден, ауылдағы әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмеуі (мысалы, жер, тұрғын үй мәселелері, жұмыспен қамту мәселесі т.б.), екіншіден ауылдың инфрақұрлымдық жүйесінің әлсіздігі (мысалы, ауыз су, интернет т.б) деген ойда.
Бүгінгі Ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы білім саласына қатысты жақсы мәселелерді айтты. Алдағы уақытта ауыл мектептері мен ауылдағы ұстаздардың жағдайы жақсарады деген сенімдемін. Жас мамандардың үй, жер, инфрақұрлым саласы бойынша мәселелерін тиімді шешіп берсе, "екі қолға бір күрек" іздеген жастар ауылға оралады деп сенемін – дейді ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы