Қағазсыз болашақ. Автокөлікті онлайн тіркеу жемқорлықты азайтады

5 Мамыр 2022, 11:06
1218
Бөлісу:
Қағазсыз болашақ. Автокөлікті онлайн тіркеу жемқорлықты азайтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді. 

Мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыру туралы тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік корпорация барлық мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру жұмыстарын жалғастырады.

2021 жылы мемлекеттік корпорация қызмет көрсету процестерін оңтайландыру аясында банк қосымшаларының көмегімен автокөлікті тіркеу және қайта тіркеу сервисі іске қосылды. Енді клиенттер бұл қызметті алу үшін Мамандандырылған ХҚО-ларға бармай-ақ, онлайн режимде рәсімдей алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар сервисті 626 мың рет пайдаланса, 2022 жылдың бірінші тоқсанында-ақ бұл көрсеткіш 244 мыңға жетті, - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Сонымен қатар мемлекеттік корпорация мамандандырылған ХҚО қызметіне де инновациялар енгізуде. 

2021 жылдан бастап Қазақстанның 11 қаласындағы практикалық емтихан тапсыруға арналған 14 автодром жаңа GPS жүйесімен жабдықталды. Ал теорияда емтихан тапсырушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Жүргізуші куәлігін алуда мұндай технологияларды пайдалану сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Мамандандырылған ХҚО-ларда биометриялық жүйе енгізілген соң жүргізуші куәлігін алғандар саны орта есеппен 58%-ға азайды, - деді Сүйеніш Әбділдин.

Еске сала кетейік, бұған дейін жақын болашақта ХҚКО-лар толықтай қағазсыз қызмет көрсететіндігі туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы